«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың қалыптасуы» конференциясы өтті

Алматы, BAQ.KZ. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Алматыда «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың қалыптасуы» атты конференция өтті.

Іс-шара қаланың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Алматы әкімдігі, «Nur Otan» партиясы, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтті.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде белсенді азаматтық қоғамдастықсыз сыбайлас жемқорлықты барынша азайту, жою туралы айтудың мағынасы жоқ екенін атап өтті. 
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимыл мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана мүмкін болады, - деді Бабақұмаров.

Конференция барысында Алматыда 2021 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс талқыланды және қорытындыланды.

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Мұрат Ахметов сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және қоғам арасында парасаттылық, адалдық және әділдік мәдениетін ілгерілету – бүгінде ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Осы мақсатқа жету үшін азаматтық қоғамның қатысуы қажет екенін түсіну өте маңызды, - деді М. Ахметов.
Конференция аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан қаланың қоғам қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Алматы әкімінің атынан грамоталарды қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров тапсырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының атынан – Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы М. Ахметов тапсырды.


Қоғам қайраткерлерінің рөлі өте маңызды, өйткені олар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, парасаттылық, адалдық және әділдік мәдениетін таратуға және қалыптастыруға өз үлестерін қосуда, - деп атап өтті Е. Бабақұмаров.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы