Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты кімдерге беріледі?

Алматыда білімді жастардың бастамаларын жүзеге асыру, қолдау білдіру мақсатында жаңа жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталмыш жобаға 14-35 жас аралығындағы талапты жастар қатысады. Ұйымдастырушылар қандай бағыттар бойынша қатысуға болатынын атап өтті.

Бұл жоба «Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы» КММ қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Біз ғылым мен білім саласында еселі еңбек ететін жастарды қолдау мақсатында осы жобаны қолға алдық. Айта кетейік, жобаға қатысушылар «Ғылым», «Мәдениет» «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағытында бақ сынасады. Осылайша, ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған жобаларға қолдау білдірмекпіз. Қаламызда талантты әрі білімді жастар жетерлік. Бұл жоба оларға таптырмас мүмкіндік боларына сенеміз, – дейді «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау іс-шарасын ұйымдастыру жөніндегі жоба жетекшісі Шырын Тленчиева.

Гранттың мөлшері мен саны әр бағыт бойынша анықталады. Грант мөлшері 1 000 000 теңге. «Ғылым» және «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» бағытары бойынша үш жеңімпаздан, ал «Мәдениет», «Медиа» бағыттары бойынша екі жеңімпаз анықталады. Жалпы, конкурс аясында он үш үміткердің жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар.

Біздің басты мақсатымыз – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру, олардың тың туындыларына қолдау білдіру. Осылайша, жастар арасында шығармашылыққа қызығатындардың қатарын арттыру. Біздің елімізде жаңа стартап-жобаларын іске асырып, көптің көңілінен шығып жүргендер жетерлік. Кейбірі тіпті шетелге де танылып үлгерді. Осы ретте, мемлекеттің жастарға берген қолдауы артықтық етпесі анық. Байқауға қатысу шарттары жеңіл, олармен біздің әлеуметтік желідегі парақшамыздан таныса аласыздар, – дейді «Алматы студенттер альянсы» КҚ жоба үйлестірушісі Жұлдыз Жақсыбай.

Айта кетейік, конкурс екі кезеңде өткізіледі. Грант алушы 3 айда бір рет жобаның іске асырылғаны жайлы есепті ұйымдастырушыға ұсынады.

Ұйымдастырушы күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаражатының нысаналы пайдаланылуына, оның ішінде грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторингті жүзеге асырады.

Жоба бойынша толық ақпаратпен танысу және туындаған сұрақтарға жауап алу @qsa_almaty парақшасында жүргізіледі.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және қатысушылар:

1) Жобаның сипаттамасын;
2) жобаның бейне-таныстырылымын (60 секундтан аспайды);
3) шығыстар сметасының жобасын;
4) зияткерлік меншік туралы мәліметтерді (бар болса) ұсынуы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы