Алматыда тау гидтері қалай жұмыс істейді және олардың жұмысын кім қадағалайды?
Алматының биік шыңдарына шығатын туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тау гидтері арнайы 3 айлық оқудан өтіп, 100 сағаттық практика мен міндетті түрде лицензия алуы тиіс.
Табиғат аясына шығу, әсіресе биік тауларға жорық жасау соңғы жылдары елімізде ерекше қарқын алып келеді. Дегенмен, қауіпсіздік пен сапалы қызмет көрсету мәселесі әрқашан басты назарда. Туризмнің жүрегі саналатын Алматы шыңдарындағы тау гидтері қалай іріктеліп, олардың жұмысын қай мекеме қадағалайды? Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде BAQ.KZ тілшісі мамандармен тілдесті.
Қазір Қазақстанда тау туризмімен айналысатын және тау гидтерін дайындайтын жалғыз ұйым – Қазақстанның тау гидтері ұлттық қауымдастығы.
Ұлттық қауымдастық 2019 жылы құрылып, 2022 жылы ресми тіркелген. Ал 2024 жылы бұл ұйым халықаралық тау лидерлері ұйымына мүше болып қабылданды. Бүгінде қауымдастықта оқудан өткен 250-ге жуық маман бар, оның ішінде шамамен 60%-ы өз саласында белсенді еңбек етуде.
Біздің қауымдастықта оқудан өткен, жұмыс істейтін 200-ден астам адам бар. Біздің төсбелгілеріміз Өзбекстанда және Түркияда жарамды, - деді қауымдастық президенті Олеся Лавренова.
Гидтерге қойылатын ресми талаптар қандай?
Олеся Петровнаның айтуынша, бұл салаға келген әрбір адам белгілі бір бюрократиялық және оқу кезеңдерінен міндетті түрде өтуі тиіс. Бұл ретте олардың жұмысты бастау реті нақты қағидаларға негізделген. Түсіндірме жұмыстарының маңыздылығына тоқталған маман өз сөзінде бұл процестің ресми талаптардан басталатынын атап өтті.
Тау гидтері міндетті түрде алдын-ала оқудан өтеді, содан кейін мемлекеттік органдарда тіркеліп, e-лицензиялар порталынан өз талонын алады, кейін Ұлттық қауымдастықтың төсбелгісін (бэйдж) алғаннан кейін жұмысын бастайды. Лицензиясыз және арнайы төсбелгісіз жұмыс істеуге болмайды, – деді ол.
Сонымен қатар бұрын гидтер міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр болса, қазір бұл сала өкілдеріне өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде қызмет етуге ресми түрде рұқсат етілді.
Мамандарды оқыту мен санаттарға бөлу жүйесі қалай ұйымдастырылған?
Тау гиді болу – үлкен жауапкершілік. Әсіресе биік таулы аймақтар мен күрделі маршруттарды басқаратын мамандарға қойылатын талаптар өте қатаң. Олар теориялық біліммен қатар, төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетік меңгеруі тиіс.
Лавренова атап өткендей, кәсіби мамандарды даярлау процесі айтарлықтай ұзақ әрі күрделі. Бұл бағыттағы оқу үдерісі мен практикалық сабақтардың маңызы өте зор.
Тау гидін даярлау – ең күрделі оқу үдерісі, олар 3 ай бойы оқиды. Бағдарлама аясында міндетті түрде практикалық сабақтар өтіп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы сертификат беріледі, – деп түсіндірді ол.
Маманның айтуынша, бұрын практика 40 сағатты құраса, қазір бұл көлем 100 сағатқа жеткізілді. Халықаралық деңгейге шығу үшін 40 күндік тәжірибе қажет болса, ұлттық деңгей үшін 100 сағаттық практика қарастырылған.
Бұдан бөлек, гидтерге қойылатын пәндік талаптар да қатаң түрде жіктелген.
Тау гидтері таудағы қауіпсіздік, құтқару жұмыстары, топография және бағдарлау, көшбасшылық пен шешендік өнер, сондай-ақ топтағы жанжалдарды шешу тақырыптары бойынша міндетті түрде оқудан өтеді, – деп атап өтті.
Сондай-ақ тау гидтері арқанды қолдана білуі, түйіндерді шебер меңгеруі және клиенттерді қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін тиісті жабдықтарды толық пайдалана алуы шарт.
Олеся Лавренованың сөзінше, гиттерді біліктілік деңгейі бойынша үш деңгейге бөледі. Олар hiking, trekking және биік таулы деңгейлер.
Бізде гидтердің үш деңгейі бар. Біріншісі – бір күндік жеңіл сапарларлы басқаратын hiking-деңгейі. Мұнда арнайы спорттық дайындық талап етілмейді, бастысы – денсаулығында, әсіресе психоневрологиялық диспансер есебінде қарсы көрсеткіштер болмауы тиіс. Екінші – trekking-деңгейі, бұл үшін гидтің үшінші спорттық разряды және 100 шақырымдық кемінде екі спорттық жорықтан өткен тәжірибесі болуы тиіс. Үшіншісі – коммерциялық турлар мен альпинистік дайындықты қамтитын биік таулы деңгей. Бұл бағытта жұмыс істеу үшін маман міндетті түрде альпинизм нұсқаушысы атағына ие болуы қажет, – деді маман.
Алайда KazGuides басшысы Айгүл Каратаева нарықта тиісті кәсіби дайындығы жоқ адамдар да жұмыс істеп, іс жүзінде сондай қызметтерді ұсынып жүргенін айтты. Мұндай адамдардың өз қызметін дербес жарнамалап, топ жинап, шетелдік туристерді шақырып, өздерін кәсіби нұсқаушы или тау гиді ретінде таныстырады. Бірақ бұл турист өміріне айтарлықтау қауіп төндіруі мүмкін.
Тау гидтерінің күнделікті жұмысында қандай кедергілер кездеседі?
Ұлттық қауымдастық президенті тау гидтерінің қызмет барысында кездесетін кейбір кедергілер мен әділетсіздіктерге де ашық тоқталды. Оның айтуынша, лидерлердің еңбегін бағаламау және ұлттық парктер тарапынан болатын бюрократиялық шектеулер жұмысты қиындата түседі.
Күнделікті жұмыстағы басты мәселенің бірі – гидті тек қызмет көрсетуші персонал ретінде қабылдап, оларды зат тасушы немесе ас-сумен қамтамасыз етуге міндетті адам ретінде көретін клиенттердің көзқарасы, – деді ол.
Осы орайда спикер маршрут қауіпсіздігі үшін көшбасшылық қасиеттің маңызы зор екенін баса айтты. Оның сөзінше, гидтерге әрдайым өздерінің көшбасшы екенін есте сақтауы тиіс. Егер клиенттер гидті сыйлап, тыңдамаса, бұл маршруттың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сондықтан гид өзінің көшбасшылық рөлін әрдайым айқын көрсетіп отыруы тиіс.
Оған қоса сала өкілі ұлттық парктер тарапынан туындайтын бюрократиялық кедергілерге де тоқталды.
Гидтер ұлттық парктер аумағында жұмыс істегенімен, олардың тегін өтетін арнайы рұқсаты жоқ. Мамандар клиенттерді бастап жүріп, мемлекетке салық төлесе де, өздері және көліктері үшін жеке ақы төлеуге мәжбүр, – деді Лавренова.
Оның ойынша, ресми төсбелгісі бар мамандардың ұлттық парктерге кедергісіз кіруі толықтай қамтамасыз етілуі тиіс.
KazGuides басшысы кәсіби гидтердің күнделікті жұмысында кәсіби емес адамдардың бәсекелестігі мен ақпараттық ашықтықтың жоқтығы үлкен кедергі келтіретінін жеткізді. Осы орайда, турист пен мемлекеттік органдар маманның біліктілігін, сертификатының мерзімін және қандай деңгейдегі маршруттарға рұқсаты бар екенін бір жерден текстере алатын бірыңғай орталықтандырылған ашық онлайн-платформа құру қажеттігін алға тартты.
Турист бір ғана ресми платформаны ашып, маманның аты-жөнін ғана емес, оның қайда оқығанын, қандай біліктілігі бар екенін, құжаттарының жарамдылығын, алғашқы көмек курсынан өткенін және дәл осындай күрделіліктегі маршрутқа жүруге құқығы бар-жоғын көре алуы тиіс. Тау туризмінде кәсіби біліктіліктің жетіспеушілігі – тек қызмет сапасы емес, бұл адамның денсаулығы мен өмірі, – деді ол.
Гидтердің біліктілігін тексеру мен бақылау тетіктері қалай ұйымдастырылған?
Қазақстанда тау туризмі қарқынды дамып келе жатқанымен, бұл салада әлі де шешімін таппаған ведомствоаралық мәселелер мен жүйелік олқылықтар бар. Құжат рәсімдеу, емтихан тапсыру және бақылау тетіктерін реттеу бағытында мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтың өзара іс-қимылын әлі де жетілдіру қажет.
Ұлттық қауымдастық басшысы Олеся Лавренованың айтуынша, саланың түйінді тұстары мен жауапкершілік аясы нақты бөлінген
Оқу үшін – гидтерді дайындайтын қауымдастықтар жауап береді, яғни олардың жанында немесе бөлек гидтерді дайындайтын білім беру орталықтары бар. Содан кейін қауымдастықтар бұл гидтердің біліктілігін жеке анықтайды, – деді ол.
Маманның түсіндіруінше, дайындық пен деңгейді айқындау процесі екі сатылы жүйе арқылы жүзеге асады.
Яғни біз гидтің клиенттерді бастап жүруге құқылы болуы үшін дайындығын толық тексеріп шығарамыз және оның төсбелгісінде қандай деңгейде екені, аймақтық не халықаралық гид екендігі сияқты барлық ақпарат жазылады. Бірақ лицензиялау мемлекеттік органдар деңгейінде өтеді, – деп түсіндірді Олеся Лавренова.
Алайда, сертификаттардың қолданылу мерзімі 3 жылмен шектелген. Осы кезең аяқталған соң, мамандар өз біліктілігін қайта растап, міндетті түрде емтихан мен тестілеуден өтуге тиіс. Бұл талап гидтердің тәжірибесін ұмытпай, өз ісіне әрдайым жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз етеді.
Егер жорық кезінде қандай дабир жазатайым оқиға орын алып, турист жарақат алған жағдайда, зардап шеккен азамат Туризм комитетіне немесе Тау гидтерінің ұлттық қауымдастығына ресми шағым түсіруі тиіс. Осыдан кейін тиісті мемлекеттік органдарға хат жолданып, кінәлі гидтің лицензиясы мен төсбелгісі кері қайтарылады. Бұл өз кезегінде оның алдағы уақытта топ бастауына толықтай тыйым салады.
Тау гидінің басты міндеттері қандай?
Тау гидінің басты міндеттері тек ұйымдастыру жұмыстарымен ғана шектелмейді. Қауымдастық басшысының айтуынша, маман туристерге қонақүйді қай жерден жалға алуға болатыны туралы кеңес беріп, сапардың барлық нюанстарын алдын ала хабардар етуі тиіс. Сонымен қатар, гид адамдарды тауға қауіпсіз апарып, кері қайтару процесін толық бақылауда ұстауға міндетті. Барлық соқпақтарды жақсы білетін кәсіби маман топты өз деңгейіне қарай қауіпсіз жүргізіп, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Қазақстанның тау гидтері мен лидерлерінің ұлттық қауымдастығы Алматы өңіріндегі туризмді дамыту мақсатында «Іле Алатауы альманахы» атты бірегей басылымды жарыққа шығарды. Аталмыш жинаққа өңірдегі ең негізгі 100 коммерциялық маршрут енгізілген.
Бұл бағыттар тек саяхат жасау үшін ғана емес, отандық туристерге «Қазақстан саяхатшысы», «Сарқырамалар бойынша саяхатшы» немесе «Шыңдар бойынша» арнайы наградаларын иеленуге мүмкіндік береді. Қауымдастық өкілдері бұл базалық маршруттардың барлығы кәсіби гидтердің жұмысына арналғанын және саяхатшыларға сапалы қызмет көрсету үшін толық бейімделгенін атап өтті.