Алматыда тау бөктері өртеніп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт сөндіру бригадасы өрттің жақын маңда орналасқан «Компас» жанармай құю станциясына таралу қаупінің алдын алды.

26 тамыз күні кешкі сағат 20:50 минутта «101» пультіне куәгерлерден Медеу ауданындағы Төле би көшесі мен Шығыс айналма жолында даланың қураған шөбі өртеніп жатқаны туралы хабар түсе бастады. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды, – деп хабарлады департамент.

Өрт сөндіру бригадасы келген кезде таудың баурайында 1000 шаршы метрден астам қураған шөп пен ағаш өртенгені анықталды, құрғақ өсімдіктердің биіктігі кей жерлерде 1,5 метрден асты.

Өртті сөндіру беткейлердегі биіктіктердің күрт өзгеруімен күрделене түсті, қабылданған шаралардың арқасында от 40 минут ішінде оқшауланып, 21:41-де жойылды. Өртті сөндіруге табиғи өрттерді сөндіру бойынша ТЖД жасағы, сондай-ақ құрамында 30 адам, 6 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт қаупінің жоғары болуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын ашық отты пайдаланудан, от жағудан, темекі шегуден және құрғақ шөп пен орылған шөпті өртеуден бас тартуды сұраймыз! Кінәлі адамдар әкімшілік, ал ауыр зардаптар туындаған жағдайда қылмыстық жауапқа тартылады, – деп жазылған хабарламада.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы