Алматыда тау бөктері өртенді

Алматы, BAQ.KZ. Қалада отшашу ұйымдастыру салдарынан тау бөктерінен өрт шықты. 

Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД-і хабарлады.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт 21 тамыз күні қаладағы Дулати көшесінде, экокөпірден жоғары орналасқан Алмаарасан шатқалында орын алған.

Оқиға орнына Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті табиғи өртті сөндіру жасағы, сондай-ақ Іле Алатауы Ұлттық саябағының қызметкерлері жіберілді. Тау бөктерінің биік болуы себепті өрт сөндірушілер өрт ошағына жаяу барды. Оқиға орнына келіп жеткенде, ондағы қураған шөп, бұта өртеніп жатқаны анықталды, - делінген хабарламада.

Қолданған шаралардың арқасында жалын бір сағатқа жетпей, яғни сағат 20:54-те сөндірілді, өрт 5 шаршы метр аумаққа тараған. Онымен күрес жұмыстарына Іле Алатауы Ұлттық саябағының 24 қызметкері, 4 техника бірлігі, ТЖД жеке құрамының 25 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылған. 

Куәгерлердің айтуынша, өрттің шығуына бір топ демалушының отшашу ұйымдастыруы себеп болуы әбден мүмкін. Олар оқиға орнынан қашып кеткен. 

Өрт болған орыннан бірнеше шақырым жерде салют жіберілгені байқалды, оқиға орнына ТЖД мен Ұлттық саябақтың қызметкерлері жіберілді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 367-бабының 3-бөліміне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін 35 жастағы ер адам 100 АЕК ( 291 700 теңге) көлемінде айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы