Алматыда тәртіп сақтауға үш мыңнан астам полицей жұмылдырылады
Алматыда «Астана» алаңында полицияның біріктірілген күштерінің сап түзеуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тәртіп сақшыларының сап түзеуін Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров жүргізді.
«Өздеріңіз білетіндей полицияның басты міндеті – қоғамдағы тұрақтылықты, заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар халықпен сапалы жаңа қарым – қатынас орнату және халықтың сеніміне ие болу болып табылады. Біздің қызметкерлер – қоғамның тұрақтылығы мен жеріміздің қорғаны, тыныштықтың сақшысы, мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Әр қызметкер қылмыспен күрес және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісіне үлесін қосуда. Біз Отан алдында қызметтік борышын адал орындайтын департамент қызметкерлерін мақтан тұтамыз», - деді, Арыстанғани Заппаров.
Еске салайық, Алматы полицейлері қызметтің күшейтілген түріне ауыстырылды. Патрульдік жасақтардың саны ұлғайтылды, қызмет көрсету маршруттары күшейтілді, жаяу патрульдік қызметке Ұлттық ұланның 300 әскері тартылды. Азаматтар көп жиналатын орындар мен мәдени-ойын-сауық шаралары өтетін орындар ерекше бақылауда болады.
«Құрметті әріптестер! Алматы қаласы полиция департаменті басшылығы және өз атымнан баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! 2024 жыл ырыс пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, бейбітшілік пен бақыттың жылы болсын. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бейбіт өмір және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!», – деді, Алматы полициясының басшысы.