Алматыда танымал мүсіншінің көрмесі ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық мемлекеттік музейде 17 қазанда Алматы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның танымал суретшісі әрі мүсіншісі Бақытжан Әбішевтің "Дала дауысы" атты мемориалды көрмесі ашылады.

Бақытжан Әбішев 1970 жылдан студенттік, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді, ол көптеген конкурстардың лауреаты әрі әйгілі монументалды жұмыстардың авторы. Оның Алматыдағы Жамбыл мен Тоқаш Бокиинің, Жаңақорғандағы ҰОС құрбандарының, Ақтөбедегі Әлия Молдағұлованың, Баянауылдағы Бұхар жыраудың, М. Көпеевтің, С. Торайғыровтың, Қарағандыдағы С. Сейфулиннің ескерткіштері, сонымен қатар Алматыдағы әл-Фарабидің, Махамбеттің, Күләш Байсейітованың, жазушы Ә. Шәріповтың, Астанадағы Ата Түрік пен Жаяу Мұсаның бюстері және басқа жұмыстары бар.

Білдек жанры шеберінің көптеген жұмыстары Қазақстан мен шетел музейлеріне қойылған. Лозаннадағы Олимпиада комитетінің штаб-пәтерінде "Олимпиец", Германиядағы жеке коллекцияда "Күйші", Мәскеуде "Томирис" сынды туындылары бар.

Бақытжан Әбішев Атырауда Махамбеттің 200 жылдық мерейтойына арнап қазақ халқының кемеңгер ұлдары, ұлттық батырлары Махамбет Өтемісов пен Исатай Таймановтың ат үстіндегі ерекше монументін жасаған.

"Қазақ халқының тарихы, оның көрнекті қайраткерлерінің өмірі мүсіншіге тым жақын әрі оның шығармашылығының басты негізі. Ол тарихи тұлғалар мен ұлттық батырлар образдарын жасау және олардың ерекшеліктерін көрсету арқылы еліміздің көркемөнеріне айтарлықтай үлес қосты", - делінген Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Автор өз шығармаларын жасау барысында түрлі композициялық және пластикалық заттар мен әдістерді қолданады. Оның "Ана портреті", "Күйші", "Уран", "Құлагер", "Ұмай", "Томирис", "Беташар", "Бүркітші", "Батыр" сынды еңбектері кеңінен танымал. Көрме 30 қазанға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы