Алматыда тағы бір теміржол желісінің құрылысы басталады
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталған болатын. Мәселен, 2022 жылы қарашада ауқымды жобалардың бірі – «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы қолға алынды. Осы жобаны іске асыру арқылы пойыздарды өткізу 5 есеге ұлғайтылады деп көзделіп отыр, - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, осы жылы Алматыда тағы бір теміржол желісінің құрылысы басталады.
Биыл Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастап, сондай-ақ транзиттік учаскелердегі тар шеңберлі жерлерді жою жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарланған. Жыл соңына дейін «Дарбаза–Мақтарал», «Бақты – Аягөз» сынды жобалардың техникалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Содан кейін аталған жобалардың құрылысын бастаймыз, - деп атап өтті министр.
Белгілі болғандай, 2022 жылдың қорытындысы бойынша көлік саласында нақты көлем индексі 103,9 пайызға жеткен.
Транзиттік контейнерлік тасымалдар 6 пайызға ұлғайды. Ел аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің жалпы көлемі 12,6%-ға өсіп, 26,8 млн тоннаға жетті. Жолаушылар тасымалы секторында да оң динамика байқалып отыр. Өсім 7,7 млрд адам көрсеткішпен 2,3 пайызды көрсетті, - дейді Марат Қарабаев.