Алматыда тағы 200-ден астам кәсіпкер өтемақы алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда аймақтық комиссияның кезекті отырысында қаңтарда жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген шығындарды өтеу үшін 337,4 миллион теңгеге 204 өтінім мақұлданды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оның ішінде 208,3 миллион теңге сомасына 111 өтінім "Жаңа Алатау" қайырымдылық қоры арқылы жіберілді (мемлекеттік кірістер департаментінің деректері бойынша айналымы жоқ 3 миллион теңгеге дейінгі шығын сомасы бар кәсіпкерлер үшін); 93 кәсіпкерге 129,1 миллион теңге сомасында өтемақы бюджеттен төленеді. Комиссия жұмысы басталғаннан бері барлығы 370,3 миллион теңге сомасына 221 өтінім мақұлданды, - делінген ақпаратта.
Комиссия жұмысы жалғасып жатыр. Кәсіпкерлердің өтінімдері мұқият зерттеледі және комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы қаралады.
Сондай-ақ аймақтық комиссия залалды өтеу бойынша кемшіліктерді анықтап, өзгеріс енгізді. Осылайша, төлемдердің шекті сомасы 5 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген тетік бойынша залалды өтеу көзделген. Бұл зардап шеккен бизнес субъектілерін қамтуды едәуір кеңейтуге және өтемақы төлеуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бюджет қаражатымен қатар қорлардың жеке қаржысынан да төлемдер қарастырылған.