Алматыда табиғатты қоқыстан тазартуға арналған көрме ашылды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының өнер мемлекеттік мұражайында «Бұл таңғажайып әрі нәзік әлем» атты көрме ашылды.
Қазақстанның экологиялық қауымдастығы ұйымымен StopMusor әлеуметтік жобасының шеңберінде ұйымдастырылған суреттер көрмесі келушілердің назарын қалада да, сондай-ақ табиғатта да қоқыстанудың ұлғаюының мәселесіне назар аударуға үндейді.
Көрмеге 30-дан астам танымал қазақстандық шеберлерінің еңбегі қойылған.
Экспозицияда Нэлли Бубэ, Мұхит пен Руслан Ақанаевтар, Сәуле Сүлейменова, Жәмиля Тәкен, Шаттық Батан шығармалары, сондай-ақ өнер жолын бастап жатқан Алмас Нұрғожаев, Нұрболат Асқар, Камила Баянова, Равиля Нарегеева, Темірали Нәжімиденова шығармалары ұсынылған.
Көрменің ашылуына арнайы келген Қазақстан экологиялық қауымдастығының төрайымы Әлия Назарбаева мұндай шараның қолға алынғанына ризашылығын білдірді.
Осы шараны өткізуге атсалысқан Алматы әкімдігіне, музейге және бизнес өкілдеріне алғыс білдіремін. Суретшілердің шығармасы табиғатты қорғау бағытындағы баға жетпес еңбек. Экология мен табиғатты қорғауға арналған бұл көрмеге көптеген танымал суретшінің еңбегі қойылған, - дейді ол.
*StopMusor жобасы халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сонымен қатар тұрғындар арасында тұрмыс қалдықтарын жауапты жоюға мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған.
Жоба шеңберінде арнайы сайт жасалып іске қосылды.
Сонымен қатар сіз жобаның әлеуметтік желілеріне тіркеле аласыз https://instagram.com/stopmusorkz мен https://www.facebook.com/stopmusorkz/.
Аталған көрме 6 қарашаға дейін жалғасады.