Алматыда сұйытылған газ бағасын негізсіз көтерген компания үстінен іс қозғалды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы прокуратурасы «Petrosun» ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласының прокуратурасы «ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің  Алматы қаласы бойынша департаментінің» мамандарын тарта отырып, «Petrosun» ЖШС қызметіне  тексеру жүргізіп жатыр.

Компания нарықтың 76,9% үлесімен оңтүстік өңірде сұйытылған мұнай-газын өткізу бойынша үстем жағдайға ие. Өткен жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін «Petrosun» осы Ережені теріс пайдалана отырып, ай сайын автогаз бағасының максималды деңгейін көтерген. Нәтижесінде көрсетілген кезең ішінде тауардың құны бір тонна үшін 323,8% - ға дейін өсті,-делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша прокуратура ҚР ҚК-нің 221-бабының 2-бөлігі (монополистік қызметті теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес басқа да мәліметтер қазіргі уақытта жария етуге жатпайды.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы