Алматыда суға батқан баланы құтқарған азамат марапатталды
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен ерлік көрсеткен азамат "Суға батқанды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Шұғыл іс-әрекетіңіздің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, баланың өмірін құтқарғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз,- деді Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.
25 жастағы құтқарушының айтуы бойынша 2024 жылғы 27 қазанда Қызылорда қаласынан, жалға алатын пәтер іздеп келген Әлихан сағат 14:00 шамасында Есентай өзені Мақатаев көшесінің қиылысындағы жағалауында кележатқанда балалардың көмек сұрағаны туралы айқайды естиді.
Ол бірнеше секундтан кейін, суға батып бара жатқан досына көмек сұраған баланың жүгіріп келгенін айтты.
Бала Есентай өзенінің каскадында тұрып, суға құлап, оны қатты ағын алып кеткен екен. Қас қағым сәтте өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Әлихан Жақсылық дереу темір қоршаудан секіріп, суға батып бара жатқан баланы құтқаруға кіріскен. Судың үлкен ағынынан әлсіреген баланы жер бетіне көтеріп, аман алып қалған.