Алматыда студенттер қайда және қалай тұрып жатыр?

Жақын күндері Алматы тағы да мыңдаған өзге өңірден келген студенттерді қабылдайды. Олардың барлығы бірдей жатақханаға орналаса алмайды. Орын жетіспегендер пәтер мәселесін өздері шешуі тиіс. Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қаладағы жалға берілетін пәтер бағасын және студенттердің қандай қиындықтарға тап болатынын анықтап көрді.

Қазақстандық ЖОО-ларға қабылдау 25 тамызға дейін аяқталады. Яғни, тек содан кейін ғана талапкерлер арасында жатақхана орындары бөлінеді. Ал көптен күткен бөлмеге қол жеткізе алмағандар баспана іздеуге аз уақыт алады.

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы деректеріне және Білім министрлігінің баспасөз қызметі бұған дейін мәлімдеген жаңа ақпараттарға сәйкес, 2024–2025 оқу жылында Қазақстанда күндізгі бөлімде 622 713 студент оқиды. Ал елдегі барлық жатақханалардың жалпы сыйымдылығы — 124 175 орын. Жыл соңына дейін министрлік оған тағы 10 603 орын қосамыз деп уәде етуде. Осылайша, шамамен 487 935 студент әртүрлі қалада жалдамалы пәтер іздеуге немесе іздеп жүргендер қатарында болады. Олардың басым бөлігі Алматыда оқитыны анық. Әрине, олардың ішінде жергілікті тұрғындар да бар, бірақ, кез келген жағдайда, сандар айтарлықтай көп.

Алматыда оқитын  3-курс студенті Бекжан өзінің пәтер іздеу тәжірибесін айтып берді.

Оның сөзінше, көбіне болашақ топтастар, жерлестер немесе мектептен бірге оқыған достар бірігіп пәтер жалдайды. Бұл тәсілдің айқын артықшылықтары бар. Мәселен, олар шығынды тең бөледі, баспана іздеуді бірге жүргізеді, әрі бірге тұру қызығырақ және тыныш.

Жалға берілетін пәтерді іздеудің жолдары онша көп емес – арнайы сайттар, “ауыздан ауызға тараған” хабарлар және риелторлар қызметі. Тәжірибелі студенттер соңғысына жүгінбеуге тырысады, себебі қызмет ақысы қымбат.

Риелторлардың қызмет ақысы арзан емес, айлық жалдау ақының 30%-ына дейін барады. Сол себепті тәжірибелі жалға алушылар риелтор көрсетілген хабарландыруларға ешқашан жауап бермейді. Шын мәнінде, бұл босқа ақша шығындау, себебі үй иесінің өзі хабарландыруды орналастырып, пәтерді көрсете алады, – дейді студент.

Бекжан өткен жылдары досының алаяқтарға алданып қалғанын еске алды. Олар өздерін пәтер таңдаумен айналысатын агенттік ретінде таныстырған. Досы келісімшартқа отырып, 10 мың теңге төлеген, бірақ ұсынылған барлық пәтерлер әлдеқашан жалға берілген болып шыққан. Агенттік тек “жылжымайтын мүлік базасынан” ескі нөмірлерді жіберумен шектелген.

Схема сенімді болып көрінгенімен, ақыры досым бір ай бойы бос пәтер таппады, – дейді Бекжан.

Оның айтуынша, Алматыда тұрғын үйге сұраныс өте жоғары. Өйткені мұнда тек студенттер ғана емес, жұмыс іздеп келгендер де көп.

Халық саны көп болғандықтан, пәтер иелері бағаны шектен тыс көтеріп жібереді. Бірақ сол 250–300 мың теңгеге жалға берілетін бір бөлмелі пәтерлердің өзі дұрыс жабдықталмаған: тоңазытқыш жоқ немесе өте ескі, кондиционер жоқ, төсек ескі, душ дұрыс емес, ас үйде тек кішкентай плитка ғана тұрады, – дейді ол.

“Көбі пәтерлеріне студенттерді алғысы келмейді”

Ал Алматыдағы ЖОО-лардың бірінде жоғарғы курста оқитын Бекнұр пәтер іздеумен бір айдан аса уақыт жүргенін айтты. Осы аралықта ол университеттен 25 шақырым жерде тұратын туыстарының үйінде тұрған.

150 мың теңгеге жақсы бір бөлмелі пәтер табу мүмкін емес. Егер жөндеуі жақсы болса, жиһаз да, техника да жоқ. Егер жиһаз болса, жөндеу жоқ. Маған туыстарым көмектесті, бірақ алыс болғандықтан өте қолайсыз еді, – дейді ол.

Оның айтуынша, пәтердің орналасқан жері студенттің күн тәртібі мен жолға кететін уақытына қатты әсер етеді. Алматыда көлік шамадан тыс көп, ал метрополитеннің жалғыз тармағы барлық ауданды қамтымайды.

Университеттен алыс тұратын студенттер тек бір жаққа барудың өзіне 1-1,5 сағат жұмсайды. Автобустар таңертең және кешке лық толы, ал такси студенттер үшін “қымбат сән-салтанат”. Сондықтан оқу орнына жақын жерден пәтер жалдаған әлдеқайда жеңіл.

Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Әрбір пәтер иесі студенттерді қуана қабылдай бермейді.

Кей хабарландыруларда былай жазылады: “жануармен, баламен және жігіттерге жалға берілмейді”. Біз достарымызбен жаңа пәтер іздеп жарты жыл жүрдік. Қиындығы — студенттерге, әсіресе ұлдарға беретін пәтер ұсынысы өте аз, – дейді Мирас.

Баспана жалдау сайттарында баға қандай?

Пәтер іздеу сайттарынан 150 мың теңгеге пәтер табуға болады, бірақ көбіне ол өте кішкентай және бос пәтер болып шығады. Мысалы, 25 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер 150 мың теңгеге жалға беріліп жатыр, бірақ Медеу ауданында, Әл-Фараби даңғылына жақын орналасқан.

Ал кей пәтерлер жақсырақ, бірақ бағасы жоғары. Мәселен, Алмалы ауданында, Байзақов пен Шевченко көшелерінің қиылысында бір бөлмелі пәтер айына 270 мың теңгеге жалға берілуде. Ауданы – 35 шаршы метр, балконы бар, жөндеуі жақсы. Бірақ коммуналдық қызмет пен депозит жайлы ақпарат көрсетілмеген.

Көбіне студенттер қымбат жалға алуға шамасы жетпегендіктен бірігіп тұрады: 250 мың теңгелік бір бөлмелі пәтерге төртеуі бірігіп немесе 300 мың теңгеге орталықта үш бөлмелі пәтерді үшеуі жалға алады. Бұл нұсқа шығынды айтарлықтай азайтады. Бірақ пәтер иелері көп студентті бірге тұруға сирек келіседі. Сондықтан жиі жағдайда ресми жалға алған 2 адамнан бөлек тағы 3-4 студент бейресми тұрып жатады.

Пәтер жалдаудағы студенттердің кездесетін қиын мәселесі – депозит беру

Депозит – пәтер иесі үшін кепілдік. Бірақ тәжірибеде ол көбіне дау-дамайдың себебі болады. Студенттердің айтуынша, пәтер иелері қоныстанған кезде бар болған ұсақ-түйек ақауларды сылтауратып, депозитті қайтармай қояды.

Кейбірі басынан-ақ “депозит қайтарылмайды” деп айтады. Бұл деген 150 мың теңге, тіпті одан да көп ақшаң кетеді деген сөз. Ал жаңа пәтер тапсаң, тағы да депозит төлеуің керек. Олар әдейі майда-шүйдеге тиіседі, ал сенде дәлел жоқ, – дейді Бекнұр.

Бекжан да осыған ұқсас жағдайға тап болған.

Біз пәтерді тап-тұйнақтай етіп жинап өткіздік. Бірақ иесі “тазалық жеткіліксіз” деп, 200 мың теңге депозитті қайтармай қойды. Бізге “клининг шақырыңдар, сонда қайтарамын” деді, бірақ ол ақшаны қалтасына салғаны анық, – дейді студент.

Қалай артық шығынға батпауға болады?

Пәтер жалдаудан тәжірибесі мол жандардың сөзінше, ең сенімді жол – жазбаша жалдау келісімшартын жасау.

Юрист Әділет Есенғалидің айтуынша, келісімшартта төлем мөлшері мен мерзімі, жиһаз-техника тізімі, депозитті қайтару тәртібі, шартты бұзу шарттары, жалдау ақысын көтеру ережелері мен пәтерді тексеру тәртібі міндетті түрде жазылуы керек.

Қол қою алдында пәтер иесінің құжаттарын тексеру қажет. Егер меншік иесі мен жалға беруші екі бөлек адам болса, онда үлкен тәуекел бар. Заң бойынша, нақты иесі сізді кез келген уақытта шығарып жіберуі мүмкін, – дейді ол.

Келісімшарт кемінде екі данада болуы тиіс: біреуі – үй иесінде, екіншісі – жалға алушыларда. Тек осылай студенттер өз құқықтарын қорғап, артық шығыннан сақтана алады-мыс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы