Алматыда сталкинг жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұсталды
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматыда сталкинг дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті ұсталды. Ол әйелге қайта-қайта қоңырау шалып, балағаттап, күш қолданумен қорқытқан және қалаусыз байланыс орнатуға тырысқан.
Алатау ауданының полициясына 35 жастағы әйел арызданған. Оның айтуынша, өзін жақсы танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы мазасын алып, жүйелі түрде хабарласып, қорқытып келген.
Жәбірленуші өз сөзін растау үшін WhatsApp мессенджеріндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды полицияға ұсынған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 52 жастағы ер адамның жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Жауап алу кезінде күдікті кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін білдірген.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.