Алматыда сирек және өте сирек кездесетін жер металдарын зерттейтін орталық құрылады
Қазақстан 34 минералдың 21 түрі бойынша жеткізуші елдердің қатарына кіреді.
Металлургия және кен байыту институтының базасында Қазақстан-Корея сирек және өте сирек кездесетін жер металдары орталығын құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Кореялық серіктестердің айтуынша, жаңа Орталық сирек металдар саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын және қазақстандық ғалымдардың озық зертханалық жабдықтарды пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаңға айналады. Сонымен қатар бұл ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтіп, жаңа технологиялық әзірлемелерді жүзеге асыруға жол ашады.
Сәтбаев университетінің ректоры, профессор Мейрам Бегентаевтың айтуынша, Қазақстан мен Корея Республикасының ғылыми әлеуетін біріктіру стратегиялық маңызы бар минералдық шикізатты терең өңдеудің озық технологияларын енгізуге, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық деңгейдегі білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.
Жоба Қазақстанның минералдық шикізатты жоғары технологиялық қайта өңдеуді дамыту жөніндегі стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Қазіргі уақытта еліміз әлемдік аса маңызды шикізат ресурстарының тізіміне енгізілген 34 минералдың 21 түрі бойынша жеткізуші елдердің қатарына кіреді.