Алматыда ШЫҰ елдерінің туризм басшылары кездесті
Кездесу барысында ұйымға мүше мемлекеттердің арасында туризм саласын дамыту жолдары талқыланды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шарада рейстер санын ұлғайту, бірлескен туристік өнімдерді құру, әріптестік қатынастарды жолға қою және қазіргі заманғы туристік маршруттарды дамыту, онлайн виза алу және процестерді жүйелеу бойынша тәжірибе алмасу бағыттары айтылды.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев еліміздегі туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Туристік сала – ШЫҰ-ның өзара іс-қимылы аясындағы маңызды бағыты. Бұл ел экономикасының дамуына жұмыс орындарының ашылуынан бастап, негізгі салалардағы маңызды инвестициялық жобалардың орындалуына дейін үлкен әсер етеді. Жақында ғана Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм бағытындағы рейтингі жарияланды. Онда Қазақстан 119 елдің ішінде 52 орынды иеленді. Қазақстан транспорттық инфрақұрылым құрудың маңызын өте жақсы түсінеді. Бүгінгі күні елімізде 28 мемлекетке 144 әуе бағыты бойынша аптасына 560 тұрақты рейс жасалады. Оның ішінде 245 рейс ұйымға мүше елдердің арасында қатынайды. Бұл көрсеткішті әрі қарай да жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ тағы бір маңызды қадам – ШЫҰ мемлекеттерінің түгелімен дерлік визасыз режимнің орнауы. Туристерге елімізде біраз уақыт болу мүмкіндігін беру үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдік азаматтар үшін заманауи көшпенділердің визасын енгізу мәселесі қаралуда, – деді Ермек Маржықпаев.
Кездесу барысында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин сөз сөйлеп, 2023 жыл ШЫҰ елдерінің арасында туризм жылы болғанын атап өтті.
ШЫҰ елдерің бас қосуына алғаш рет қатысып отырған Иран мемлекетіне қош көрдік дейміз. Туристік ынтымастық елдердің арасындағы үлкен маңызға ие. Бұл - адамдардың бір-бірімен байланыста болуына, елдің экономикасын өркендетуге таптырмас мүмкіндік. Сондай ақ елдердің салт-дәстүрі мен дүниетанымын айқындап, танытады. ШЫҰ елдерінің көпшілігі Еуразия контитентінің көптеген аумағын алып жатыр. Бұл дегеніміз - ШЫҰ елдерінің арасында туризмді дамытуға таптырмас мүмкіндік. Өздеріңіз білетіндей, 2023 жыл ШЫҰ шешімімен туризм жылы болды. Өткен жылы Қазақстан тарапынан көптеген іс-шаралар өткізілген еді, - дейді Чжан Мин.
Жиынға Туризм және спорт министрі, ШЫҰ Бас хатшысы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туризм және спорт министрлері және туристік сала өкілдері қатысты.