Бүгiн 2026, 11:23 Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Алматыда шығарылған өнімдер Еуропа мен АҚШ нарығына экспортталып жатыр

Биыл тікелей шетелдік инвестициялар есебінен жаңа жоба іске асырылып жатыр.

Алматы индустриялық аймағында өндірілетін өнімдер бүгінде көрші елдермен қатар Еуропа және АҚШ нарығына да экспортталып жатыр. Бұл туралы Алматы индустриялық аймағының директоры Ерлан Жайлаубай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, индустриялық аймақтың негізгі мақсаты экспортты дамыту емес, ең алдымен импортты алмастыру және алматылықтарды жергілікті өндірілген өніммен қамтамасыз ету.

Біздің басты міндет – "Made in Almaty" өнімдерін шығару. Яғни Алматы тұрғындары индустриялық аймақта өндірілген отандық өнімді тұтынуы керек, – деді ол Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар биыл тікелей шетелдік инвестициялар есебінен тежегіш дискілері мен тежегіш қалыптарын шығаратын жаңа жоба іске асырылып жатыр. Кәсіпорын өнімінің шамамен 90 пайызы АҚШ пен Еуропа нарығына экспортталмақ.

Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, қазіргі таңда экспортпен айналысатын 10 кәсіпорынның сегізі өнімдерін негізінен Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейге жеткізеді. Ал бірқатар компаниялар өз өнімдерін Еуропа елдеріне де экспорттап келеді. Сондай-ақ Жайлаубаев 2026-2027 жылдары индустриялық аймақта жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалар туралы айтты.

Оның сөзінше, инвестор тарту бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ процесс. Жүздеген компаниямен келіссөз жүргізілгенімен, олардың аз ғана бөлігі нақты өндіріс ашуға шешім қабылдайды.

Инвестиция тартудың өзіндік жүйесі бар. Біз "Алматы Инвест" компаниясымен бірге отандық және шетелдік жүздеген компаниямен келіссөз жүргіземіз. Соның нәтижесінде 10-20 компания қызығушылық танытып, жобаларды зерделеуге келеді. Ал олардың ішінен бір-екі компания нақты өндірісті бастаса, оны жақсы нәтиже деп бағалаймыз, – деді Ерлан Жайлаубай.

Оның айтуынша, 2026-2027 жылдары индустриялық аймаққа Orbis компаниясы келеді. Компания Қытайдың бірнеше автокөлік брендінің өндірісіне қатысты жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Қазақстандағы шай, кофе сусындары және азық-түлік өнімдерін өндіретін Beta компаниясы өндірісін Алматыда толық шоғырландырмақ. Бұған дейін кәсіпорынның өндірісі Шымкент пен Алматыда орналасқан болса, енді барлық өндірістік қуатты бір жерге біріктіріп, өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, индустриялық аймақта Wildberries компаниясы да өз жобасын жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ Almaty Machinery Manufacturing компаниясы тежегіш қалыптарын өндіреді. Кәсіпорын өнімдерінің негізгі бөлігі АҚШ нарығына экспортталуға бағытталған.