Алматыда «Шоқан мұрасы» жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды

Алматыда Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей кешені 23 жылдан кейін жөндеуден өтіп, өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.

Мұражай Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне арналған «Шоқан мұрасы» атты жылжымалы көрмесін қала тұрғындарына ұсынды.

Аталмыш көрмеге Шоқан Шыңғысұлының отбасы қолданған тұрмыстық заттар, мыс табақ, бұрыш ұнтақтағыш, қасық, Велодол тапанша мен парша белбеу қойылған.

Біздің музейде Сәбит Мұқановқа арналған бұрыш бар. Біз ол кісіні Шоқантанушы деп білеміз. Сондықтан жыл сайын Алматыға арнайы келіп, өзіміздің жылжымалы көрмемізді ұсынамыз. Әрине, бұл бірінші рет емес. Әлі талай келетін боламыз. Енді ауылдық жерлерге шығып, көрмемізді ауыл тұрғындарына да ұсынсақ дейміз, – дейді Ш.Уәлиханов музейінің меңгерушісі Рахат Маралова.

Сондай-ақ, көрмеге келушілер көне құжаттар мен сарғайған сырлы суреттерді де қызыға тамашалады. Шоқанға Қашқар сапарын сәтті аяқтағаны үшін берілген 4-дәрежелі Әулие Владимир ордені, көптеген хаттары мен мақалалары, ресми құжаттарының көшірмелері көрмеге қойылды.

«Шоқан мұрасын» тамашалауға келген қала тұрғындарының арасында қаламыздағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия оқушылары да болды. Атақты Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметін тануда көрменің орны бөлек болды дейді мектеп ұстаздары да.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы