Алматыда шағын шеберхана пластик қалдықтарынан жиһаз жасауда
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Пластик қалдықтарын өңдеумен айналысатын Rocket Plastic компаниясы жаңа белестерді бағындыруға әзір.
Аталған компанияның негізін салушы Данияр Бакимов пластиктен жиһаз жасауды қолға алғандарын айтты. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Rocket Plastic компаниясы қаладағы пластик қалдықтарына екінші өмір беріп, одан түрлі бұйымдар жасап шығаруда. Бұл компанияның өмірге келуі де кездейсоқ жағдай емес, қажеттіліктен туындаған.
Осыдан екі жыл бұрын Алматы марафонына қатыстым. Марафон аяқталған соң көше бойы қоқысқа толып кетті, бәрі ішкен суларының пластик ыдысын жол бойына тастап кеткен. Айнала толған қоқыс, масқара. Оның барлығын қоқысқа апарып тастағанның өзінде обал, әрі табиғатқа зиян келтіреді. Өйткені пластик 500 жылға дейін шірімейді екен. Содан осындай пластик қалдықтарыннан не істесе болады деп іздене бастадым, - дейді Данияр Бакимов.
Пластик қалдықтарын қалай іске жаратуға болады деп ізденіп, зерттеп жүргенде, ол Голандиядан пластикті өңдеуге болатын жобамен танысқан. Оларға хабарласып, жоба жайлы мәліметтер алады.
Кейін олардан пластикті балқытуға арналған құрылғыларды жасаудың сызбасын алдым. Ол сызбаларға қарап құрастыру оңайға соқпады, алғашқысын жасап шығарғанда ойдағыдай болмады, бірақ біз оны жетілдіре түстік. Осы жоба бойынша Алматы технологиялық университетіне хабарласып, сондағы ғалымдармен бірге одан әрі дамыттық. Мәселен, шетелдіктердің жобасында престеу болмады, біз оны өзіміз жасап шығардық. Сөйтіп пластиктерді балқытып, сынақ жасап көрдік. Біздің заттарымыз креативті, ерекше болып шықты, - дейді ол.
Бұдан соң контент жасап, жобаны халыққа таныстыра бастаған. Әлеуметтік желіде компанияның парақшасын ашып, онда пластик қалдықтарын қабылдайтындарын мәлімдейді.
Тұрғындар қызығушылық танытып, пластик қалдықтарын көптеп әкеп жатты. Қазір біз мұндай жобаларды мектептерде, колледждерде орнатуды ұсынып отырмыз. Шағын шеберханада олардың өзі қалдықтарды өңдей алады. Біздің бастапқыдағы тұжырымдамамыз сондай болған. Яғни әр жерде пластик қалдықтарын өңдеп, жарамды нәрсе жасап шығаруға бет бұрыс жасау, - дейді Данияр Бакимов.
Компанияда Даниярмен бірге Ильдар Пірманов, Кенен Ысқақов сынды жігіттер бірге жұмыс істейді. Олар да Даниярдың идеясын қолдап, пластик қалдықтарымен күреске белсене кіріскен. Rocket Plastic жобасының өкілі Ильдар Пірманов бұған дейін Азаматтық авиация академиясында сабақ берген. Қазір ол көп уақытын Rocket Plastic компаниясына бөледі екен.
Данияр бәріміз магистратурада бірге оқыдық. Оның идеясын қолдап, осы бағытта жұмыс істеуді жөн санадым. Бір күні Даниярды академиядағы студенттерге қалдық пластиктерді өңдеу жөнінде дәріс оқуға шақырдым. Бар ынтамен тыңдаған студенттер ертеңінде пластик қалдықтарын үйіп әкеп тастады, - деп еске алады Ильдар.
Сөз арасында Ильдар шеберханадағы пластиктерді өңдеу құрал-жабдықтарын өздері құрастырғанын және пластиктерді қала тұрғындарымен қоса түрлі офистерден жинап әкелетінін айтып берді.
Бізге пластиктер келгенде алдымен оларды сұрыптаймыз. Олар маркісіне қарай әралуан болып келеді. Бір тектес пластиктерді түсіне қарамастан араластыруға болады, ал құрамы өзгешелерді араластыра алмаймыз. Өйткені оларды балқытқанда бірікпейді, - дейді ол.
Жиналған пластик қалдықтарын ет тартатын машинаға ұқсас құрылғыдан өткізіп, ұсақтататып шикізат әзірлейді екен. Одан соң қажетіне қарай балқытып, өңдейді. Ол құрылғыда өздеріне қандай пішін керек соны реттеп, балқытып шығарады. Шеберханада сонымен қатар 3D принтер де жұмыс істеп тұр, оған қажетті пластик жіпті де өздері дайындайды.
Біз ашылғалы ыдыс-аяқ, жиһаз, парта, орындық, сағат, гүлдерге қажетті ваза, қабырғаға арналған декоративті плиталар және тағы басқа көптеген бұйым жасадық. Қазір тапсырысқа қарай жұмыс істеуді қолға алып жатырмыз. Бұған дейін студенттерге арналған партаға тапсырыс түскен, қазір сол бойынша жұмыс жүріп жатыр. Негізі пластиктен әдемі заттарды жасап шығаруға болады, бастысы дизайнын ерекше әрі әдемі жасау қажет, - дейді Ильдар Пірманов.
Rocket Plastic компаниясының тағы бір мүшесі Кенен Ысқақов бұл жоба бойынша түрлі жиындарға шығып, шеберлік сағаттарын өткізіп тұратындарын жеткізді.
Мәселен, мына велосипедтен тұратын құрылғыда адамдар пластикті өздері ұнтақтай алады. Бұл халыққа қызық әрі пластиктерді оңды-солды лақтырмай, оны іске жаратуға болатынын өз көзімен көру үшін арнайы жасалды. Яғни велосипедті тепкен сайын құрылғы айналып пластиктерді ұнтақ етіп тартып шығарады. Біз пластик қалдықтарын әкеліп өткізетіндерге оның қалай өңделетінін үнемі көрсетіп, қызықтырып отырамыз. Пластик қалдықтарын іске жаратуға болатынын өз көзімен көрген адамдар қалдықтарды далаға тастамай, жинап әкелуге күш салады, - дейді ол.
Шеберханаға аптасына шамамен бір тоннаға жуық пластик қалдығы жиналады екен. Жігіттер әлеуметтік желі арқылы жарнама беріп, үнемі халықты пластик қалдықтарын тасмауға шақырып отырады.
Қазір біз жасап жатқан өнімнің бәріне сұраныс бар. Егер біз оны сатып ақша таппасақ бұл жобаны жандандыру қиынға соғады, түскен қаражатқа түрлі құралдар алып жатырмыз. Мәселен пластикті кесуге, оны әдемі етіп өңдеу үшін қажетті жабдықтар керек, - дейді Кенен Ысқақов.
Әлеуметтік жоба болғандықтан компания тобы қаладағы экошараларға қатысып, сенбіліктерге барып тұрады, сонымен бірге экологиялық ұйымдармен де байланыс орнатқан. Компания пластиктердің зиянсыз болуы үшін алдымен полимерді зерттеп, меңгеріпті. Олардың айтуынша, ең зиянсыз пластик 2-5 мөлшеріндегілер екен. Сондай-ақ олар пластикті балқыту кезінде барлық талаптарды ұстанатындарын жеткізді.
Пластиктен ойыншықтар жасап шығаруға да болады. Дегенмен оның барлығы сұранысқа байланысты. Қандайда бір ойыншықты жасау үшін соған арналған матрица құралын әзірлеуіміз керек, егер сұраныс болмаса біз босқа шығындаламыз. Дегенмен қазір сұраныс жиһаз бойынша келіп түсіп жатыр. Сондықтан, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Ильдар Пірманов.
Қазір қаладағыларға бұл компания таныс болып қалған, кейбір мекемелер өздері хабарласып пластиктерді алып кетуге шақырады екен. Сонымен қатар, көп жерде арнайы қалдық жинайтын жәшіктер қоюларын сұрап жатқан көрінеді.
Бұл бағытта да демеушілермен келіссөздер жасалып жатыр, алдағы уақытта университет, тұрғын үй кешендерінің барлығына пластик қалдықтарын салатын арнайы жәшіктер қойылады, - дейді Ильдар.
Аталған жобаға қызығушылық танытып, пластикті балқытатын құрылғыға шетелдіктер тапсырыс беріп, сатып алған кезі болыпты. Әсіресе Грузия, Өзбекстан, Қырғызстаннан және еліміздің әр түкпірінен тапсырыс түскен.
Рудный қаласында мемлекеттік грантты ұтып алған студенттер пластик қалдықтарын өңдейміз деп шешіпті. Сөйтіп бізден жабдықтар алды. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан өзге өңірлерде пластик қалдықтарын жинау әлі баяу жүріп жатыр. Халық оны іске асыруға болатынын жете түсінбейді. Мәселен, біз Қарағанды қаласына пластик балқытатын құралдарды жеткізгенімізде оларда пластик жетіспеушілігін байқадық. Яғни қалдықтарды жинап әкеп өткізу жағы нашар. Ал бізде ондай мәселе жоқ, керісінше пластик өте көп. Сондықтан Алматыдан пластик қалдықтарын өңірлерге жіберген кездер болды. Әрине елдің барлық өңірінде осындай шеберханалардың болғаны жақсы және олармен байланыс ұстап, үлкен желі жасасақ жақсы болар еді. Кейде үлкен тапсырыс алып, үлгермей жатқанда өңірдегі шеберханаларды да іске қосып отырсақ ешкім ұтылмас еді,- дейді Ильдар Пірманов.
Данияр Бакимов қазір жиһаз жасау жөнінде құрал-жабдықтар әзірлегендерін, енді бизнес-жоспар жасап инвесторларды тартқалы жатқандарын айтты.
Бұл бағытта да көптеген жұмыс қолға алынуда, мәселен біз бұған дейін жиһаз жасап жүрген адам емеспіз, қазіргі нарықта қандай жиһаз түрі сұраныста екенін зерттеу үшін сол саланың мамандарымен кеңесіп отырамыз. Егер бәрі ойдағыдай болса 15 адамды жұмыспен қамтысақ деп отырмыз. Сондай-ақ Алматы әкімдігімен қаладағы саябақтар мен адамдар демалатын орындарға әдемі дизайнда орындықтар жасау, пластик қалдықтарына арналған жәшіктер қою бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Пластиктен жасалған бұйымдар шірімейді, көп уақытқа шыдайды, - дейді ол.
Сөз арасында жігіттер, шеберхана таршылық етіп жатқандарын және Үкімет орын тауып беріп, немесе алдағы бастамаларды іске асыруда қаржылай қолдау көрсетсе деген пікірлерін білдірді.
Алғашында шеберханамыз болған жоқ, шағын кеңседе отырып жұмыс істеуді бастадық. Кейін пластик қалдықтарын әкеле бастағанда орын тапшылығы білінді. Қазір Қазақ Ұлттық политехникалық университеті біздің бастамамызды қолдап, шағын орынды тегін бөліп отыр. Бұл жер де таршылық ете бастады. Негізінен үкімет дейміз бе, қала басшылығы дейміз бе қала ішінен орын тауып беру жағынан қолдау жаса жақсы болар еді. Халық қала сыртына бармайды, оларға пластик қалдықтарын орталыққа апарып тапсырған ыңғайлы, - дейді Ильдар Пірманов.