Алматыда сейсмологиялық станцияның жаңа ғимараты ашылды
Станцияда жер бетінің қозғалысы мен жерасты суларының өзгерістері бақыланады.
Алматы қаласының Наурызбай ауданында орналасқан «Нижняя Каменка» сейсмологиялық станциясының жаңа модульдік ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты.
1979 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан станцияда сейсмикалық, геофизикалық және гидрогеохимиялық бақылаулар жүргізіледі. Жаңа ғимарат мамандардың жұмысына және заманауи жабдықтарды орналастыруға қажетті жағдай жасау мақсатында салынған.
Станцияда жер бетінің қозғалысы мен жерасты суларының өзгерістері бақыланады. Сондай-ақ мұнда Алматыдағы жер сілкінісі туралы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 пунктінің бірі орналасқан.
Жаңғырту жұмыстары сейсмикалық бақылаулардың үздіксіздігін қамтамасыз етуге, деректер жинау сапасын арттыруға және ықтимал қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді.