Алматыда Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына орай көрме ашылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында  актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме ашылды.


Көрменің ашылуына Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Д. Абзалиденұлы, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директорының орынбасары Ж.Толғанбай, театр директорының кеңесшісі, режиссер Е. Обаев, режиссер Ә. Рахимов, театр музейінің жетекшісі Н.Тамабекқызы, Серке Қожамқұловтың қызы М. Қожамқұлова және С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры Д. Сәкенұлы қатысты. 

Жиын барысында актердың қызы Мәриям Қожамқұлова көрмені ұйымдастырушыларға өзінің жылы лебізін білдірді.

Қостанай өңірінде өмірге келген  Серәлі ағаларыңның өмірі мен өнері өшпес дүние. 65 жыл қазақ сахнасында еңбек етіп, оны қалаушылардың қатарында. Есімі ерекше құрметпен аталатын, таусылмайтын тау бұлағы. 1981 жылдан бері  Жезқазған театрына әкеміздің атын бергелі жас театрдың ұжымы сенімді ақтай білді. Әкеміз театрда зор шеберлікті көрсеткен актер. Отбасында сүйікті жар, үлгілі әке бола білді,-деді ол.


Режиссер Әубәкір Рахимов ұстазы Серке Қожамқұловтың жастарды қалай тәрбиелегені туралы және көрерменге қандай құрметпен қарағаны жайлы  айтып берді.

Ол кезде студентпін. Билет алайын деп кассаға барсам Серағам халықтың арасында кезекте тұр екен. Сераға сіз ішінен алмайсыз ба деп едім, ол кісі «болмайды, мен халықтан үлкен емеспін, кезекте тұрып билет аламын» деді. Бұл оның көрермендеріне деген құрметі. Жалпы сол кездегі біздің аға-әпкелеріміз театрға деген сүйіспеншілігімен ерекшеленді, - деді режиссер. 


Көрмені М. Әуезов театры мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек»  музыкалық драмасымен жалғасты. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы