Алматыда "Сергек" арқылы 436 млн теңге айыппұл салынған
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері "Сергек" камерасымен 60 мыңнан астам жол-көлік қозғалысының бұзылғаны анықталды. Соның нәтижесінде 436 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынды.
Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қазір Алматыда қазір 404 "Сергек" камерасы бар. 2020 жылдың аяғына дейін қосымша 380 камераны 210 көшенің қиылысына орналастыру жоспарға қойылған.
Жыл басынан бері "Сергек" камерасымен 60 мыңнан астам жол-көлік қозғалысының бұзылғаны анықталды. Соның нәтижесінде 436 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Оның 174 млн өндіріліп алынды. Камералар орнатылған жердегі жол-көлік қозғалысы оқиғалары 20% төмендеді, - деді ол.
Сонымен қатар, ол қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты әрі бақылауда екенін айтты. Осы жылдың 4 айында қаладағы қылмыстардың саны 43 пайызға азайған.
Жасалған қылмыстың 60%-ын ұрлық құрап отыр. Біреудің мүлкін ұрлау қылмысын тез ашу үшін криминалдық полиция қызметкерлерінің 70% жұмылдырып отырмыз. Ұрланған мүлікті сатып алу бойынша тиісті шаралар да қолданылып жатыр. Қазір сатып алуларға қатысты 109 қылмыстық іс қозғалды. Олардың 92-сі сотқа жіберілді. Мәселен, 21 мамырда жедел-іздестіру шаралары кезінде П. есімді азамат ұсталды. Оны тексеру барысында қораптары мен құжаттары жоқ 211 ұялы телефон тәркіленді. Алынған телефондардың 5-уі өз иелеріне қайтарылды, - дейді Таймерденов.
Ұрлықтардың 25% қоғамдық көліктерде немесе аялдамаларда жасалады екен. Қалада 2 мыңнан аса аялдама бар көрінеді, қазір полиция оларға бейнекамера орнату жұмысын бастапты.
Қылмыстық ахуалды жақсарту мақсатында қала әкімдігімен бірлесіп қылмыс жиі жасалатын орындарды анықтадық. Соның нәтижесінде қалада 41 стационарлық полиция бекеті құрылды, оның 4-уі туристік полиция үшін, қалған 37-сі криминалдық аудандарда орналасқан. Жыл басынан бері осы бекеттердегі полиция көмегіне 4 мыңнан астам азамат жүгінді, - деді ол.
Сөз арасында ол, қалада 41 305 шетел азаматы тіркелгенін, Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 8 370 адам әкімшілік жауапқа тартылғанын жеткізді.
Оның 166-сы елден шығарылды және 57 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды. Шетел азаматтарына 47 млн теңгеден астам сомада айыппұл салынды. Оның барлығы толығымен өндіріліп алынды. Жыл басынан бері шетелдіктердің жасауымен 110 қылмыс тіркелді, - деді ол.