Алматыда сарбазға күш қолданған офицер шенінен айырылып, бостандығы шектелді
Әскери қызметкер қарамағындағы сарбазға менсінбей қарап, оған күш қолданған.
Алматы гарнизонының әскери соты қарамағындағы әскери қызметкерге қатысты билікті асыра пайдаланды деп айыпталған офицерге үкім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, әскери қызметкер қарамағындағы сарбазға менсінбей қарап, оған күш қолданып, демалыс уақытында заңсыз жұмысқа тартқан.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, материалдық және моральдық шығынды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.
Прокурор оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұраса, қорғаушы тарап бір жарым жыл мерзім тағайындауды талап еткен. Ал жәбірленуші соттан барынша қатаң жаза тағайындап, келтірілген шығынды өндіріп беруді сұраған.
Сот кінәні мойындауын және әскери антты бұзуды ауырлататын мән-жай ретінде ескеріп, офицерді кінәлі деп таныды. Оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, аға лейтенант әскери шенінен айырылды.
Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық өтемақы өндірілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Сарбаздарды ұрып, заңсыз жұмысқа жеккен офицер жазаға тартылғаны туралы жаздық.