Алматыда самса жасаушылар көгершіннің етін пайдаланған ба?
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желіде самса жасаушылар көгершіннің етін пайдаланған деген видео тарады.
Куәгерлердің бірі Қалдаяқов пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында тұрған самса сату орнындағы жағдайды видеоға түсіріп алған.
Самса сататын дүңгіршектің артында шығу есігі бар. Одан жұмысшылар тауар және басқа да мүліктерді кіргізеді. Қарасам сол есіктен бір жігіт шығып сол маңдағы кептерлерге нанның ұнтағын беріп жатыр екен. Басында көгершіндер неге көп десем, мұнда тамақтандырады екен ғой деп ойладым. Кейін жем шашып тұрған жігіт ақырындап отырып көгершіннің бірін бас салды да дүңгіршегіне кіріп кетті. Маған бірден бұлар самсаны кептердің етінен жасап жатыр ма деген ой келді,-деп жазды куәгер.
Куәгер арада екі сағаттай уақыт өткенде әлгі жігіт тағы нанның ұнтақтарын кептерлерге шашып, тағы біреуін ұстап әкеткенін жазды. Осы сәтті ол видеоға түсіріп алыпты.
Біз оларға бәрін көргенімізді айттық. Олар «көгершінді ұнататындарын, біраздан соң жібере саламыз» деп жауап берді. Алайда сыртқы бақылау камерасы бәрін түсіріп тұр. Онда көгершінді жіберіп жатқан сәт жоқ. Көршілер бұл дүңгіршекке әкімдік қолдау көрсететінін, сондықтан орнынан алмай отырғандарын айтуда. Бірақ адамдарды кептердің етімен тамақтандыру дегенің шектен шығу. Мына видеоны көрген адамдар бұл жерден самса жеуін доғарар деген ойдамын,-деп жазды куәгер.