10 Тамыз 2026, 12:01 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Алматыда самокатшыларға «Сергек» бақылауы күшейеді: Камералар айыппұл жібере бастайды

Самокаттарды пайдалану тәртібі күшейтілген болатын.

Алматыда электросамокат жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін «Сергек» камералары арқылы анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін электросамокаттар толыққанды көлік құралы ретінде танылды. Осыған байланысты оларды пайдалану тәртібі де күшейтілген.

Салтанат Әзірбектің мәліметінше, қазіргі уақытта полиция «Сергек» жүйесін кикшеринг компанияларының және құқық қорғау органдарының деректер базаларымен біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазір кикшеринг компанияларының деректерін полицияның және “Сергек” жүйесінің базаларымен интеграциялау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жүйе электросамокат жүргізушілері жіберетін құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Полиция өкілі камералардың нақты қандай құқық бұзушылықтарды тіркейтіні жөнінде толық ақпарат бермегенімен, жүйе жол қозғалысы ережелерін сақтауды бақылауға бағытталатынын атап өтті.

Жыл басынан бері 18 мыңнан астам самокатшы жауапқа тартылған

Қазір самокат жүргізушілерінің құқық бұзушылықтарын анықтау жұмыстарын патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, мобильді электрпатрульдер мен арнайы самокат патрульдері жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері 18 мыңнан астам самокат пайдаланушысы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар Алматыда жыл басынан бері баламалы көлік құралдарының қатысуымен 323 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 87-сі электросамокаттардың қатысуымен болған. Салдарынан 93 адам жарақат алған. Қаза тапқандар тіркелмеген.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары 13 мыңнан астам самокатты мамандандырылған айып тұрағына қойған. Полиция тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін 25 тамыздан бастап Қазақстанда самокатпен тротуарда жүруге толық тыйым салынатынын хабарладық. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына да жол берілмейді.