Алматыда Сағи Әшімовтың мемориалдық тақтасы ашылды
Алматыда театр және кино актері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сағи Асанәліұлы Әшімовтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
4 сериялы «Шоқан Уәлиханов» телефильміндегі Шоқан, қазақтың тұңғыш көпсериялы «Тоғысқан тағыдырлар» телефильміндегі Темір Сабыров және өзге көптеген рөлдерімен танымал театр және кино актері Сағи Әшімовтың мемориалдық тақтасы Алматыда ашылды. Мемориалдық тақта актердің өзі өмір сүрген Достық және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы үйдің қабырғасына орнатылды.
Қазақта бір сөз бар – «құйрықты жұлдыздай жарық етті де жоқ болды» деген. Көбіне оны әйгілі Шоқан Уәлиханов туралы айтамыз және екіншісі Шоқанның рөлін сомдаған, Шоқанның образын өзінің елімен қауыштырған Сағи Әшімовқа арнаймыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында елінің өнеріне, мәдениетіне үлкен қызмет жасады, Асағаңның мемлекетке, өнерге жасап жатқан еңбегін еселей түсті. Осындай аяулы ағамыздың істеген еңбектерін өскелең ұрпақтың жадында сақтау мақсатында мемориалдық тақта ашылып отыр, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне өнер қайраткерлері, танымал кино және театр әртістері, әкімдік өкілдері және іс-шараға арнайы келген көпшілік қауым қатысты.
Мен өзім актер ретінде ол кісіні «Шоқаннан» көргенде осындай сұлу адам болады екен-ау деп ойлайтынмын. Кейін студент болып жүрген кезде академияға келді, сонда Сағи ағамен жүгіріп барып амандасатынбыз. Ол бәріміздің құшақтап амандасып, көңілімізді сұрап, көлігіне мініп кеткені есімде. Сонда ұлы тұлғаның баласы осындай қарапайым болады екен деп те ойлағаным бар. Қазақ бар да, қазақи көрермен бар да Сағи ағамыздың аты ешқашан өшпейді. Оның дәлелі бүгін қойылған ескерткіш тақта, – деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті, танымал актер Азамат Сатыбалды.