Алматыда республикалық студенттік пәндік олимпиада ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы бірлесіп ұйымдастырып отырған XI Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өз жұмысын бастады.
Салтанатты жиынды консерватория ректоры Арман Жүдебаев ашты.
«Бұлақ көрсең көзін аш» деген сөз бар халқымызда. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған шара болашақ мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін дамыту, білім алушының оқу-танымдық белсенділігін ынталандыру, дарынды білім алушыларды іріктеу және оларға шығармашылық серпін беруді көздейді. Осындай мәні жоғары шараны ұйымдастыруға зор қолдау көрсетіп отырған, консерваториямен тығыз ынтымақтастықта бірнеше бірлескен іс-шараларды атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қорына алғыс білдіремін!» – деді консерватория ректоры Арман Жүдебаев.
Ашылу салтанаты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дарынды студенттерінің концерттік бағдарласымен жалғасты. Олардың ішінде консерваторияның аралас хоры, үрмелі аспаптар оркестрі, 1 курс студенттерінен құралған «Grand Classic» триосы, халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Байбосынов және т.б өнерпаздар бар.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін студенттік пәндік олимпиада биыл «Жастар жылы» аясында өтуде. XI Республикалық студенттік пәндік олимпиада сәуір айының 18 дейін жалғасады.