Алматыда Республика күніне орай мың түп ағаш егілді
Алматыда Республика күні қарсаңында бірнеше шара өтіп жатыр. Соның бірі 100 гектарға жуық жерді алып жатқан «Желтоқсан» саябағында желтоқсандықтар, экобелсенділер, колледж студенттері мен еріктілер мың түп ағаш отырғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2020 жылы Түркісіб ауданында ашылған саябақ аумағында абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ал бұл іс-шараға қала тұрғындары осы істі мұрындық қылып, Республика күнінің маңызын арттыру мақсатында жиналған.
Шараға қатысқан желтоқсандықтар, қала тұрғындары бірауыздан 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияны Қазақстан тарихындағы ең маңызды оқиға деп есептейтіндерін жеткізді.
Желтоқcандық ретінде айтарым, егемендік желтоқсан көтерілісіне түрткі болды. Бұл Кеңестер Одағындағы республикаларға ғана емес, Куба, Вьетнам сияқты социалистік елдердің егемендік алуына түрткі болды деп ашық түрде айта аламын. 1990 жылдың 25 қазанынан бастап Тәуелсіздікке деген мәңгілік жалын оты тұтанды деуге болады. Республика күні осындай жайма шуақ, малдың қомданып семірген, астық жиналатын уақытта атап өтіледі, - деді қалалық «Желтоқсан қоғамы» ұйымының төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.
Шара соңы концертке жалғасып, әншілер мен музыканттар патриоттық әндер шырқап, сан түрлі аспаптың сүймелдеуімен қазақтың халық шығармаларын орындады. Спорт түрлерінен де жарыстар өткізілді.