Кеше 2026, 22:53 Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда рекордтық жауын-шашын: Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті

Қаланың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника іске қосылған.

Алматыда қысқа уақыт ішінде жауын-шашынның рекордтық мөлшері тіркелді. Қалада бір жарым тәулік ішінде айлық норманың жартысынан астамы түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.

Мамандардың мәліметінше, 10 мамыр күні сағат 11:00-ден 11 мамыр 20:00-ге дейін қала аумағына 50,4 мм жауын-шашын жауған. Бұл мамыр айына белгіленген орташа норманың (99 мм) 51 пайызына тең.

Жауын-шашынның күрт көбеюіне байланысты қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Су басу қаупінің алдын алу және туындаған мәселелерді жедел жою үшін арнайы бригадалар жұмыс істеуде. Бұл туралы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында Алматы қаласының Құтқару қызметі де жұмылдырылды. Қызметтің қарамағында ассенизаторлық техника мен 15 мотопомпа бар. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінен 53 арнайы техника және 240 қызметкер тартылған.

Қаланың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника іске қосылған. Су басу қаупіне қарсы 2 300 дана құм толтырылған қап дайындалды.

Синоптиктердің болжамынша, 12 мамырда Алматыда кей жерлерде найзағай мен жаңбыр сақталады. Ал 13 мамырдан бастап жауын-шашын тоқтап, ауа райы біртіндеп тұрақталады деп күтілуде.