Алматыда Қызыл кітапқа енген лотостар қурап қалған

Алматы тұрғындары Первомай тоғанындағы қураған лотос гүлдерінің суретін жариялады. Тұрғындардың айтуынша, өзендегі су Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына бағытталған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Лотос гүлдері Алматы облысының Іле ауданындағы солтүстік айналма жолынан 17,5 шақырым жерде орналасқан. Қаланың көрікті жеріне айналған мекеннің қазіргі күйі тұрғындардың наразылығын тудырды. 

Біз Первомай тоғанындағы әсемдікті көруге келген едік. Дегенмен жайқалған лотос гүлдерінің орнына қураған, суы сарқылған гүлдерді көрдік. Бұның мәнісін түсінбей, жергілікті тұрғындардан жағдайдың мән-жайын анықтауға тырыстық. Олар бізге бұл жердегі суды ҮААЖ жолын салуға жібергенін. Гүлдердің қурағанына біраз уақыт болғанын айтып берді. Қызыл кітапқа енгізілген гүлдердің көзін жою ақымақтық деп ойлаймын, – дейді Таня есімді тұрғын. 

Алматының жаңа бас жоспары қабылданғаннан кейін, экологиялық белсенділер Первомай тоғандарындағы лотостарға қауіп төнеді деген болжам жасаған еді. Шынында да, жобаға сәйкес, ҮААЖ тікелей осы объектінің аумағы арқылы өтті. Ал қала билігі бұл құрылыс көлдің белгілі бір бөлігіне ғана әсер етеді және барлық лотос сақталып, қауіпсіз аумаққа көшіріледі деп мәлімдеген еді. 

Аталған жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында Алматы облысының әкімдігіне хабарластық. 

Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ақпараты бойынша, Тілендиев көшесінің автомобиль жолының құрылысына түсетін учаскесінде республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және мемлекеттік орман қорының жерлері жоқ, сондай-ақ осы учаскеде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері өспейді және жабайы жануарлардың көші-қон жолдары белгіленбеген. Жобаны жүзеге асыру шеңберінде автомагистраль қалыптасқан көлдер арасындағы қолданыстағы бөгет арқылы өтеді, лотос гүлдері олардың біреуінде ғана өседі,– дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Әкімдіктің хабарлауынша, лотос гүлінің 150 данасы трансплантацияланады. Сол себепті гүлдердің құрып кетуі мүмкін деген қауіп жоқ. 

Жалпы, көлге құрылыс жұмыстары жасалмайды, тек шығыс жағынан ішінара тарылтады. Құрылысқа лотостардың кішкене бөлігі ғана түсіп, шамамен 150 бұта трансплантацияланады. Айта кету керек, лотос – сирек кездесетін өсімдік, ол өміршең арамшөптердің түріне жатады. Алматы қаласын дамытудың бас жоспары шеңберінде салынып жатқан Тілендиев көшесінің радиалды жолын тесу транзиттік дәліздерді шығарумен және қала көшелерінен көлік ағындарының жүктемесін төмендетумен қатар болашақта Боралдай айналма жолы мен ҮААЖ байланыстырады, – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан скриншот
Өзгелердің жаңалығы