Алматыда қызға таласқан жігіттер пышақтасып, бір бозбала көз жұмды
Алматыда қызға таласқан жігіттер пышақтасып, 17 жастағы бозбала қайтыс болды. Оқиға орнынан қашып кеткен күдіктіні полицейлер көп ұзамай қолға түсірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Томирис ықшамауданындағы үйді ұлы мен қызы аралас бір топ жасөспірім жалдап тұрған. Көрші-қолаң сейсенбіде таңғы алты шамасында солардың айқай-шуынан оянған. Мұнда оларды іздеп ересек жігіттер келген екен.
КТК телеарнасының хабарлауынша, жігіттердің дәл сол жерде басталған әңгімесі көп ұзамай төбелеске ұласқан. Артынша 21 жастағы ер бала өзінен төрт жас кіші жігітті пышақтап, жасөспірім оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Содан кейін бұл маңай тынышталып қалған. Жасөспірімдер жалдап тұрған үй қазір бос тұр. Ал қанды қылмысқа жігіттің қызғанышы себеп болған көрінеді.
Куәгерлердің айтуынша, марқұмды пышақтаған соң, күдікті көлікке мініп қашып, полицейлер оны алысқа ұзатпай ұстаған. Қазір қолы қанға боялған жігіт тергеу изоляторында отыр. Ал 17 жастағы Әлібекке сұғылған пышақ тәркіленген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр, – Алматы полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Көршілерінің айтуынша, ұл-қыздардың мұнда көшіп келгеніне бір айдай ғана болған. Олардың бәрі Тик-Ток желісі арқылы табыс табумен айналысқан көрінеді. Марқұмды жақындары өзінің туған жері Тараз қаласында жерледі. Ал күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.