19 Қараша 2026, 18:09 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/видео кадры

Алматыда қыз әріптесі соққыға жыққанын мәлімдеді: Полиция қылмыстық іс қозғады

Алматыда құрылыс материалдарын сататын дүкендердің бірінде әріптестер арасында жанжал шығып, ер адам әйелге күш қолданған. Оқиғадан кейін зардап шеккен қыз көру қабілеті нашарлап, басы айналып, жүрегі айнығанын айтады. Оның сөзінше, полицияға арыз беру кезінде де қиындықтарға тап болған. Ал полиция күдіктінің ұсталғанын және оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жәбірленушінің айтуынша, медициналық қорытындыда алған жарақатының ауырлығы орташа деп көрсетілген. Алайда оқиғадан кейін оның денсаулығы әлі де қалпына келмеген.

Қыздың сөзінше, көру қабілеті айтарлықтай нашарлаған, басы айналып, жүрегі айниды. Тіпті кеше Жетісу аудандық полиция басқармасының маңында есінен танып, құлап қалған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған.

Оның айтуынша, бұған дейін 17-сінен 18-іне қараған түні нейрохирургтің қабылдауында болған. Дәрігер тексеру кезінде миы шайқалмағанын айтып, жағдайының қалыпты екенін жеткізген. Алайда қыздың шағымдары әлі де жалғасып жатқанын айтады.

Қазір оң көзім көрмей тұр. Көру қабілетім қатты нашарлады. Басым айналып, жүрегім айниды. Өзімді әлі күнге дейін нашар сезінемін, – дейді ол.

Полиция арызды қабылдамады деп мәлімдеді

Жәбірленушінің айтуынша, ол полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласып, жазбаша арыз беруге тырысқан. Алайда оның сөзінше, құқық қорғау органдары өтінішті қабылдауға құлық танытпаған және тіркеу нөмірін бермеген.

Кейін ол Жетісу аудандық полиция басқармасына e-Otinish жүйесі арқылы өтініш жолдаған. Қыздың айтуынша, өтініші қабылданғанымен, әзірге онымен ешкім байланыспаған.

Ол істің әділ қаралуына алаңдайтынын да жасырмады. Айтуынша, бұрынғы әріптесі таныстарының көп екенін айтып мақтанған. Сондай-ақ оның мас күйінде көлік жүргізгені, қарсы бағытқа шыққаны және жүргізуші куәлігі болмаса да көлік басқарғаны туралы сөз қозғаған. Қыздың пікірінше, бұл жағдайлар оның полицияға қатысты күмәнін күшейткен.

Жәбірленуші оқиғадан кейін аталған жерде жұмыс істемейтінін айтты. Ал күдіктінің жұмыстан босатылған-босатылмағанын нақты білмейді. Оның сөзінше, ер адам өзі жұмыс істеген ұйымда спорт шебері болған.

Полиция не дейді?

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қаланың құрылыс дүкендерінің бірінде әріптестер арасында жанжал туындап, ер адам әйелге күш қолданған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.

Тергеу барысында бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттелген. Оның нәтижесінде оқиғаның қосымша мән-жайлары анықталған. Атап айтқанда, бейнежазбалардан әйелдің де әріптесіне соққы жасағаны көрінген. Полиция оның әрекеттеріне де құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар полиция қылмыстық істің тіркелмегені және сот-медициналық сараптаманың тағайындалмағаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты және объективті түрде анықталып жатыр.