Күннің жылынуына байланысты таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі жоғарылады. Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 8 наурызда Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында тұман түсіп, оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Алматы төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды қар көшкіні қаупіне байланысты тауға шығуды кейінге қалдыруға үндейді, – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ мекеме өкілдері қазіргі уақытта Алматы тауларында қар көшкіні жүріп жатқанын атап өтті.
Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендері алабында қар көшкіндері өздігінен түсіп жатыр. Бұл жоғары таулы аймақтарда (теңіз деңгейінен 3 мың метрден жоғары) және орта таулы аймақтарда (2-3 мың метр аралығы) байқалады. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендері алабындағы экобекетте, сондай-ақ "Тұйықсу" мұздығына апаратын автожолда ("Эдельвейс" қар көшкіні жиналатын аймақ) демалушылар мен автокөліктердің қозғалысын шектейтін бекеттер қойылды, – деп хабарлады ведомство.