Алматыда құрылыс нысандарының сейсмикалық қауіпсіздігі қалай бақыланады?
Барлық құрылыс нысандарында тексеру жүргізіледі.
Алматы қаласында құрылыс нормаларының сақталуы мен ғимараттардың сейсмикалық төзімділігі құрылыстың барлық кезеңінде қатаң бақылауда болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бақылау жұмыстары жобалау кезеңінен басталады. Алдымен жобалар мемлекеттік сараптамадан өтіп, талаптарға сәйкестігі мұқият тексеріледі. Бұдан кейін конкурс рәсімдері өткізіліп, мердігерлермен шарт жасалады.
Құрылыс барысында техникалық және авторлық қадағалау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Әр кезеңде орындалған жұмыстар тексеріліп, жасырын жұмыстардың актілері мен барлық атқарушылық құжаттама рәсімделеді. Нысан пайдалануға қабылданар алдында да орындалған жұмыстар толық бақылаудан өтеді, – деді Нұрбол Нұрсағатов.
Басқарма басшысының сөзінше, бұдан бөлек, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының уәкілетті органы да барлық құрылыс нысандарында тексеру жүргізеді. Осылайша, құрылыс нормалары мен сейсмикалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы жобалау сәтінен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезеңде қадағаланады.
Еске салайық, бұған дейін Нұрбол Нұрсағатов жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгелі «қара тізімге» енгізілген компаниялар туралы айтқан болатын.