Алматыда Құрылтай сайлауы қалай өтіп жатыр?
Ресми деректер бойынша, алматылықтар Құрылтай сайлауына белсенді қатысып жатыр.
Бүгін Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. BAQ.KZ тілшісі еліміздегі ірі мегаполистердің бірі Алматыда сайлау қалай жүріп жатқанына шолу жасады.
Бүгін Алматыда қоғамдық көлік, оның ішінде, автобус пен метро тегін қызмет етіп жатыр.
Ал жолақысын төлеп қойған жолаушылардың ақшасы қайтарылады.
Ең әуелі Алматыдағы №592 сайлау учаскесіне бардық. Мұнда келушілер үшін көрме де ұйымдастырылған.
Одан бөлек, асық ойнаймын деушілер үшін де арнайы орын қарастырылған.
Учаске қызметкерлерінің сөзінше, сайлау орындары ашылған алғашқы сағаттарда келіп, дауыс берушілер көп болған.
Жалпы бүгінгі маңызды саяси науқанда Алматыда Құрылтай сайлауында дауыс беруге арналған 670 сайлау учаскесі жұмысын істеп тұр. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген жері бойынша, тағы 73-і уақытша болатын орындарда құрылған.
Дауыс беруді ұйымдастыруға учаскелік сайлау комиссияларының 4 658 мүшесі және аумақтық сайлау комиссияларының 63 мүшесі жұмылдырылған. Жалпы сайлау үдерісін 4 721 сайлау комиссиясының мүшесі қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Алматыдағы 41 сайлау учаскесінде учаске орналасқан мекенжай бойынша тек дауыс беру күніне жарамды уақытша тіркеу рәсімдеуге болады. Ол үшін жеке куәлікті немесе цифрлық құжатты көрсету қажет. Келесі күні уақытша тіркеу автоматты түрде жойылады.
Кейбір учаскелерде ұлттық ансамбльдер өнер көрсетіп, халыққа ерекше көңіл күй сыйлап жатты.
Алматының сайлаушылар тізіміне 1 329 251 адам енгізілген. Сайлау комиссиялары мүшелерінің айтуынша, көптеген учаскеде белсенділік жоғары. Қала тұрғындары отбасымен келіп, кейбір учаскелерде кіреберіс пен дауыс беру кабиналарының алдында кезек қалыптасқан.
Құрылтай сайлауы барысында қызық кейіплер де болды. Бірі Балқаш «жолбарысының» образында келсе, енді бірі «Месси мен Роналду» кейпінде келіп, таңдауын жасады. Одан бөлек, Одиссей мен Пенелопа образында келген алматылықтар да таңғалдырды.
Сайлауда алматылық әртістер мен спортшылар да белсенді болды. «МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов ауруханада жатқан жерінде дауысын берген.
Сонымен қатар, Алматыда ҚР Халық әртісі, Алматының құрметті тұрғыны Бибігүл Төлегенова сайлауда үйінен дауыс беруге жағдай жасалған. №558 сайлау учаскесінің қызметкерлері дауыс беру жәшігін алып, өнер иесінің үйіне арнайы барған.
Сайлауға әртүрлі буын өкілдері белсенді қатысып жатыр. Солардың қатарында Бостандық ауданының 102 жастағы тұрғыны Анна Архиповна Лукавская да бар. 1924 жылғы 14 мамырда дүниеге келген қария бүгін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасап, дауыс беру құқығын пайдаланды.
Сайлаушылар қатарында алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар да аз емес. Жас алматылықтар сайлау учаскелеріне жеке өздері ғана емес, ата-аналарымен, отбасы мүшелерімен және әріптестерімен бірге келіп, азаматтық белсенділіктерін көрсетіп жатыр.
Айта кетейік, соңғы деректер бойынша, Алматы қаласы бойынша дауыс беру 30,36 пайыз болған. Жалпы еліміз бойынша сағат 14.00-дегі жағдай бойынша 6 696 002 сайлаушы бюллетень алған. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 53,12 пайызы.