Алматыда құбыр жарылып, көшелерді су басты
Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мыңбаев көшесі 49 мекенжайында су құбырының жарылуына байланысты сағат 3:40-тан бастап солтүстік бағытта орналасқан көшелерді, әсіресе Әуезов көшесін су басқан. Су Райымбек даңғылына дейін жеткен, – деп хабарлады басқармада.
Көктайғақтың алдын алу үшін Алматы тазалық МҚК қызметкерлері жол бойына 18 құмсепкіш көліктің күшімен, 4 тротуар тазалаушы көлікпен көктайғаққа қарсы материал себуге кірісті.
Апаттың салдары бүгінгі күннің аяғына дейін реттеледі.
Су басқан орындарда көктайғақ жабынының пайда болу ықтималдылығын ескере отырып, жүргізушілерді жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты ұлғайтып, апатты жағдайды туындатпас үшін оқыс әрекеттер жасамауға шақырамыз. Аталған аумақтарды мүмкіндігінше айналып өтуге кеңес береміз. Жаяу жүргіншілерді тротуарлармен жүргенде сақ болуға шақырамыз, – деп ескертті басқармадан.