27 Қараша 2026, 22:53 Фото: Скриншот

Алматыда қоқыс арасынан бөлшектелген аңшы мылтығы табылды

Мылтық заңда белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.

Алматыдағы қоқыс өңдеу кәсіпорнының қызметкері қалдықтарды сұрыптау кезінде бөлшектелген аңшы мылтығын байқап қалған. Ол дереу полицияға хабар берген.

Оқиға Алатау ауданындағы кәсіпорындардың бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, табылған қару – 12 калибрлі аңшылық мылтық.

Оқиға орнына «Буран-129» патрульдік экипажы жетіп, артынша Алатау аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы жұмысқа кірісті.

Мылтық заңда белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Мамандар қарудың кімге тиесілі екенін, қандай жағдайда сақталғанын және қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтайды.

Полиция кәсіпорын қызметкерлерінің қырағылығын атап өтті. Күдікті затты байқап, дер кезінде хабарлау ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.