Алматыда қоғамдық автобус тағы да апатқа ұшырады

Жол-көлік оқиғасы Наурызбай ауданында болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Апат салдарынан 9 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.

Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Әшімов көшесі бойымен солтүстік бағытта келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі Шаляпин көшесінің солтүстігіндегі аялдамаға тоқтаған 137-бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Салдарынан қоғамдық көлік жолдың шығыс жағына шығып кетіп, жеке тұрғын үйдің қоршауына соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ЖКО салдарынан автобустың 9 жолаушысы зардап шекті. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталып жатыр, - дейді Алматы қаласының полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Зардап шеккен жолаушылар №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Зардап шеккен 9 адам №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Науқастар тексеруден өтті.  8 адамның жағдайы тұрақты, 1 адамның жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, - дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан скриншот
Өзгелердің жаңалығы