26 Шілде 2026, 17:11 Фото: ©BAQ.KZ/Cымбат Сатыбалдина

Алматыда ҚХП ұйымдастыруымен «Мәңгілік классика» акциясы өтті

Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен «Мәңгілік классика» атты акция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Акция барысында саябақта ішекті аспаптар квартеті әлемдік классикалық шығармаларды орындап, әсем әуен қала тұрғындарымен еркін пікір алмасуға және өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.

©BAQ.KZ/Cымбат Сатыбалдина

Шара барысында ҚХП төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов сөз алды.

“Мәңгілік классика” - бұл жай ғана атау емес. Бұл тақырыптың артында үлкен мағына жатыр. Себебі классикалық музыка уақыт сынынан өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Сол секілді өзіндік тарихы бар ҚХП қарапайым халықтың мүддесін қорғау үшін, әл-ауқатын түзеу үшін сайлауға қатысуға шықты. Бүгін классикалық өлеңге құрмет көрсетіп қана қоймай, мәдениет пен руханиятты дәріптеу күні. Сондықтан өнер, мәдениет - халықты біріктіретін күш, - дейді Бейбіт Құсайынов.

Ол партия бағдарламасын көптеген сарапшы, партияның және команда мүшелері бірлесіп әзірлегенін айтады.

©BAQ.KZ/Cымбат Сатыбалдина

Олар өз саласының білікті маманы ретінде бағдарламаның мазмұнын жасауға үлес қосты, - дейді Құсайынов.

Құрылтай депутаттығына кандидат Алмат Ахметов ауыл, қала жастарын қолдағысы келетінін айтады.

©BAQ.KZ/Cымбат Сатыбалдина

Ауылды жерлерде шешілмеген көптеген мәселе бар. Біз сол мәселелерді алдымызға мақсат қылып қоямыз. Халық - халықпен бірге, - дейді Алмат Ахметов.

Сонымен қатар шараға Құрылтай депутаттығына кандидат Аша Матай да қатысты.

©BAQ.KZ/Cымбат Сатыбалдина

Өзімнің ғана емес, халықтың игілігі үшін өмір сүріп, еңбек еткім келеді. Мұның несі жаман? Өз қамыңды ғана емес, еліңнің ертеңін ойлау - әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Мені толғандыратын мәселе өте көп. Әйелдің саясаттағы орны ерекше. Себебі әйел - мейірім, қамқорлық, тәртіп пен тазалық. Елімізде отбасы институты, ана мен бала, сапалы білім мен мәдениетке, қауіпсіздік пен халықтың өмір сүру сапасына көбірек көңіл бөлінгенін қалаймын. Бұл жолға атақ үшін келген жоқпын. Балаларымыздың болашағына бей-жай қарай алмағандықтан, еліміздің ертеңіне өз үлесімді қосқым келгендіктен қосылдым, - дейді Аша Матай.

©BAQ.KZ/Cымбат Сатыбалдина

Сонымен қатар партияның ақпараттық алаңы жұмыс істеп, тұрғындармен тікелей кездесу ұйымдастырылды. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша еркін форматта ой бөлісті.