Алматыда Қазақстанның БҰҰ-ға енуінің 30 жылдығына арналған іс-шара өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде Қазақстанның БҰҰ-ға енуінің 30 жылдығына арналған «Data Journalism & Social Media Camp 2022» халықаралық лагері өтті.

Білім беру шарасы БҰҰ-ның Қазақстандағы цифрландыру және әлеуметтік желілер жөніндегі бағдарламасын қолдау мақсатында алғаш рет қолға алынған. Ұйымдастырушылар  бұл платформа жас әрі тәжірибелі журналистер үшін медиа алаңға айналады деген ойда.

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д., профессор Гүлмира Сұлтанбаева бүгінгі жиын дата журналистикаға арналғанын жеткізді.

Бүгін дата журналистика, әлеуметтік медианың негізгі трендтері талқыланады. Шақырылған қонақтардың басым бөлігі датаның мамандары. Одан бөлек цифрландыру бойынша жұмыс істеп жүрген мамандар бар. Спикерлердің көбі алты мемлекеттен келген. Бізде соңғы үш жылдан бері журналистік дата мамандығы ашылды. Бұл деректерді жинап, өңдеуге, визуалдап, талдау құралдарына үйрететін сала. Ол Ыстамбұл унтверситетімен бірге қос дипломды бағдарлама аясында орындалады, - деді ол.

Профессор сондай-ақ бүгінгі шараның Қазақстанның БҰҰ-ға енгеніне 30 жыл толуына арналғанын жеткізді.

Себебі Қазақ ұлттық университеті 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының академиялық әсер ету бағдарламасының тұрақты даму жөніндегі жаһандық орталығы болып табылады. Бұл хаб біздің университетте болғандықтан оның «цифрландыру және әлеуметтік желілер» атты бағдарламасын қолдап, осы шараны ұйымдастырдық, - деді Гүлмира Сұлтанбаева.

Халықаралық шара офлайн және онлайн форматта өтті. Оған Сырты Істер министрлігінің Алматы қаласындағы Дипломатиялық клуб өкілдері, сондай-ақ Франция, Словакия, Нидерланды (онлайн), Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстаннан (офлайн) журналистер, студенттер, оқытушылар мен профессорлар қатысты.

Бағдарлама барысында «AlfaSat» командасы қолдауымен бейбітшілік дауысы «Voice of the peace» аталатын хабарламалар тасымалдайтын шар әуеге ұшырылып, флешмоб ұйымдастырылды.

БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек кез келгенде цифрландыру үлкен маңызға айналғанын айтады.

Қазіргі 21-ші ғасырда цифрдандыру ісінің үлкен маңызға ие екенін көріп отырмыз. Қазақстан БҰҰ құрамына кірген 30 жылда бұл бағытта анағұрлым алдыға ілгерілеушілікке қол жеткізді. Цифрландыру ел экономикасының дамуына және көптеген жұмыстың жеңілдеуіне әкелді. Оның барлығын халық ішіне кеңінен таныту журналистердің міндеті, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы