Алматыда «Қазақстан – Ресей: мәдениеттер диалогы» атты пленарлық отырысы өтті

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстандағы Ресей күндері аясында «Қазақстан – Ресей: мәдениеттер диалогы» атты архив және мәдениет қызметкерлерінің пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» мен Ресей ынтымақтастығының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі ұйымдастырған шараға қазақстандық және ресейлік архив пен мәдениет саласының мамандары қатысты.

Отырысқа қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды.

«Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы екіжақты қатынастардың маңызды бөлігі болып саналады. Екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Ресейдің мүдделі министрліктері арасындағы мәдениет саласындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы жүзеге асты. Қазақстан мен Ресейдің мәдениет күндері, қазақ және орыс киносының күндері сәтті өтті. Шығармашылық білім беру саласында, мұражайларда, кітапханаларда және басқа да салаларда ынтымақтастық нығайып келеді»,- деді министр құттықтау хатында.

Жиында екі елдің белгілі мәдениет қайраткерлері ортақ гуманитарлық байланысты арттыру, ынтымақтастықты дамыту және бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Сондай-ақ кино, музей, архив пен кітапхана, театр, концерттік ұйымдардың мамандарын даярлау үшін Қазақстан мен Ресей оқу орындарының арасындағы тікелей байланысты нығайту мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Киноархив: кеңес киносының мұрасы мен дәстүрлері» конференциясы, шеберлік дәрістері, «Даланың жасыл алқабына тізе бүгемін» көрмесі ұйымдастырылды.Көрмеде қазақ киносының тарихынан сыр шертетін бірегей мұражай мұраларының цифрлық көшірмелері мен архивтік фильмдері таныстырылды.

Пленарлық отырысқа қатысушылар ҚР «Орталық мемлекеттік архивінің» мәжіліс залында «Қазақфильм» киностудиясының ресейлік реставраторлар қалпына келтірген «Әкелер елі» фильмінің ретроспективті көрсетілімін тамашалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы