8 Тамыз 2026, 18:49 Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда Қазақстан–Қытай жер сілкінісін зерттеу орталығы ашылды

Жаңа орталықта екі елдің мамандары сейсмикалық қауіптерді бақылау, болжау және ерте ескерту технологияларын бірлесіп дамытатын болады.

Алматыда Қазақстан–Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю қатысты.

Жаңа орталық қазақстандық және қытайлық сейсмологтардың бірлесіп жұмыс істейтін ғылыми алаңына айналады. Мұнда жер сілкіністерін зерттеу, сейсмикалық мониторинг жүйелерін жетілдіру, сейсмикалық белсенділікті болжау және ерте ескерту технологияларын дамыту бағыттарына басымдық беріледі.

Сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан Алматы үшін мұндай орталықтың ашылуы ерекше маңызға ие. Ғалымдардың бірлескен жұмысы тәжірибе алмасуға, заманауи ғылыми әзірлемелерді енгізуге және сейсмикалық қауіптерді бағалау мен азайту тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, орталықтың қызметі Алматының және жер сілкінісі қаупі бар Қазақстанның өзге өңірлерінің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.