Алматыда Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды
Орталық ҚазҰАЗУ бас ғимаратында орналасқан. Орталықты ашуға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен ҚХР Ланьчжоу университеті бірлесе әркет еткен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпинің келіссөздерінің қорытындысы бойынша, «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын» бірлесе құру туралы келісімге қол қойылған.
Орталықтың негізгі қызметі – Қазақстандағы ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз етеді және мынадай міндеттерді шешуге бағытталады. Екі елдегі жасыл және тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру, суды тиімді пайдалану, автоматтандыру, ауыл шаруашылығы техникасын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді,- дейді ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов.
Ланьчжоу Университеті делегациясының жетекшісі Ма Сяоцзе өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті.
Бірлескен Орталықтың ашылуы екі елдің ғалымдарына АӨК өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға мүмкіндік береді. Екі ел арасындағы ғылым және білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктері жүзеге асырылады деген үміттемін,- дейді Ланьчжоу Университеті делегациясының жетекшісі Ма Сяоцзе.
Қытай делегациясының мүшелері ҚазҰАЗУ-де ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, оқу ордасындағы инновациялық ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ өзара әріптестік ынтымақтастықты одарары дамыту туралы келісімге қол қойды.