Алматыда Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының форумы өтіп жатыр
Франция делегациясы Алматының бірқатар жоғары оқу орындарын аралады. Абай атындағы ҚазҰПУ-да екі елдің 120-дан астам өкілінің басы қосылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары аясында жоғары білім саласындағы басшылар мен мамандардың бір тобы біздің елімізге келді.
Форумның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Франция арасындағы білім мен ғылым саласындағы байланыстарды одан әрі нығайту. Өздеріңіз білесіздер 2014 жылы біздің оқу орнында «Сорбонна-Қазақстан» институты ашылды. Сол уақыттан бері 150-ге жуық студент қос диплом алып шықты. Француз үлгісіндегі диплом алу оның жұмысқа орналасуына, халықаралық деңгейде өзінің бәсекеге қабілеттілігін артырады. Қазіргі кезеңде бізде 4 қазақ- француз қос дипломдық бағдарламасы бар. Оның екеуі – магистратура, екеуі – бакалавриат. Олар халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, маркетинг бойынша білім береді. Болашақта осы инстиуттың негізінде педагогикалық мамандықтарды да ашуды көздеп отырмыз, – дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Ақтолқын Құлсариева.
Іс-шара аясында білім мен ғылымның өзекті мәселелеріне арналған пленарлық отырыс өтті, онда осы саладағы негізгі зерттеулер мен әзірлемелер ұсынылды. Сондай-ақ өзара әріптестік жөніндегі Меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі форумда ынтымақтастық нәтижесінде неге қол жеткіздік, қандай мәселелер туындады деген мәселелерді қарастырып, шешу жолдарына тоқталамыз. Сондай-ақ жаңа серіктестердің келуі, осы форумның әрі қарай да жалғасын табуына септігін тигізбек. Француз делегациясынан 17 қонақ келді. Олардың басым көпшілігі менеджмент мектептері, техника саласынан келіп отыр. Үш күннің ішінде Қазақстандағы белді оқу орындарын аралап шықты. Енді осы форумның аясында білім саласында тәжірибе алмасу мақсатында меморандумға қол қойылды, – дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры.
Кеше Сәтбаев университетінде өткен дөңгелек үстел барысында Франция мен Қазақстанның ғалымдары мен оқытушылары геология және энергетика саласында кадрлар даярлау бойынша тәжірибе алмасып, алдағы ынтымақтастық қарым-қатынастың жоспарын айқындады.
Сәтбаев университетінде ядролық инженерия саласында қос дипломдық білім беру бағдарламасын іске қосуға біз дайынбыз. Бұл дарынды инженерлерге қажетті дағдыларды меңгеруге және Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға септігін тигізеді. Ал бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бас қостық. Алдағы уақытта осы оқу орында педагокика саласында оқыған студенттермен де тәжірбие алмасамыз деген үміттеміз. Білім мен ғылымның өзекті мәселелеріне арналған пленарлық отырыс өтті, онда осы саладағы негізгі зерттеулер мен әзірлемелер ұсынылды, – дейді Франциядағы I2EN инженерлік мектебінің директоры Карен Даифуку.