Саябақ ашық қоғамдық кеңістік ретінде жасалып, келушілерге қазақ киносының тарихымен, киностудияның қызметімен және танымал кино қайраткерлерінің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді. Мұнда музей экспозициялары мен мәдени-ағартушылық іс-шараларға арналған алаңдар да қарастырылмақ.
Жұмыс сапары кезінде "Қазақфильмнің" қазіргі жағдайы, өндірістік мүмкіндіктері және алдағы даму жоспары да талқыланды.
Өкінішке қарай, ұлттық киностудиямыздан айырылып қала жаздадық. Оны қолдан банкроттыққа жеткізуге тырысып, іс жүзінде қатардағы продюсерлік компаниямен теңестіріп қойған еді. "Қазақфильмді" сақтап қалу үшін заңнамалық деңгейде қажетті қолдау шаралары қабылданды. Оның ішінде киностудияны мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру да қарастырылған, – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, қазір киностудия аумағын абаттандыруға басымдық беріліп отыр. Ал келесі жылы павильондарды жөндеу жоспарланған.
Саябақ аумағының қазіргі жағдайын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Киностудияны кең көлемде абаттандыру және көгалдандыру туралы шешім қабылдаған Алматы әкіміне алғысымды білдіремін. Нәтижесінде "Қазақфильм" аумағы отандық кино тарихына арналған тақырыптық павильондары бар, отбасылық демалысқа қолайлы заманауи кеңістікке айналуға тиіс, – деді министр.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі "Қазақфильммен" бірлесіп, киностудияның қалған аумағын кешенді жаңарту мәселесін қарастырып жатыр. Жоба ғимараттар мен инженерлік желілерді жөндеуді, аумақты абаттандыруды қамтиды.
Қазір киностудия жеке продюсерлік компаниялармен бірлескен жұмыстарын жалғастырып, өндірістік бөлімшелердің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Оның ішінде реквизиттер мен жабдықтарды цифрландыру жұмыстары да бар.