Алматыда қазақ медицинасының аңызы Төрегелді Шармановқа ас берілді

Алматыдағы “Қабылдау үйінде” медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ғалым, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа ас берілді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жиналған жұрт 94 жасқа қараған шағында өмірден озған академиктің саналы ғұмырында ел дамуына қосқан үлесін, қайраткерлік қырын, кәсіби білігін, азаматтық келбетін еске алып, жақын-жуығына көңіл айтты.

Төрегелді Шарманов - ұлы кісі, ұлттың биігіне көтерілген адам. Ал ұлттың биігіне көтерілу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Ол үшін, ең алдымен, халықтың құрметіне бөлену керек, сол халық құрметке бөлейтіндей еңбек ету керек. Халқы бұл кісінің қабағына қараған тұлға болатын. Төкең өмірде өте кішіпейіл, өзінің інілеріне де сонша ізетті, ағаларына да жайлы адам болды. Қазақы ойлауды әлемдік ойлаудың бір биігіне шендестірген кісі еді. Сырласа білетін, жаныңызға жол таба білетін тұлға болатын. Жалғыз бір сала - медицинаның шеңберінде қалып қоймай, ұлттың рухани кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды, әдебиеттегі, өнердегі, жалпы халыққа қажетті ұғымдардың бәрінен хабардар жүретін, - дейді жазушы, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Төрегелді Шарманұлының еліміздің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі және оның медициналық қоғамдастыққа ғана емес, республиканың барлық азаматтарына көрсеткен көмегі баға жетпес болып қала береді.

Жастарды тәрбиелеуге аса мән берді. Барлық келген адамдар, жас мамандар осы кісінің қолынан өтті деуге болады. Келген адамның қабілетін өзі тексеріп, содан кейін ғана жұмысқа алатын. 
Төрегелді Шарманұлы Дұрыс тамақтану орталықтарының ашылуына үлкен үлес қосты. Өзге өңірлерде оның филиалдарының ашылуына атсалысты. Ол кісінің еңбектері - өлмейтін мәңгілік жұмыстар. Қазақстанда нутрициология мектебін дамытты. Медициналық жоғарғы оқу орындарында кафедраларын ашты. Ол кісінің отбасына қайғыра көңіл айтамын. Біздің ұлы ұстазымыз, нутрициология ғылымының әкесі Төрегелді Шарманұлы туралы жарқын естеліктер мәңгі жадымызда қалады, - дейді шәкірті Юрий Синявский.

Аста Төрегелді Шарманұлының ұрпақтары сөз сөйлеп, әкесі жайлы естеліктермен бөлісіп, жиналған жұртқа алғысын білдірді.

Әкем аса мейірімді, көпшіл адам еді. Ұрпақтарын әкелік, аталық мейірім шапағатына бөледі. Әкем медицина саласында өлшеусіз еңбек етті. Жиналған жұрт та өз сөздерінде әкемнің еңбегін тілге тиек етіп айтып жатыр. Әкемнің есімі медицина тарихына алтын әріптермен жазылып, болашақ ұрпақ үшін үлгі болады деен ойдамын. Әкеміздің жаназасына қатысып, асқа жиналып отырған жұртқа алғыс білдіремін. Үкімет мүшелері, қала әкімі, қоғам қайраткерлері келіп отыр. Әкеммен бір қызметте болған жандар да қатысуда. Жарқын естеліктермен бөлісіп, әкемнің рухына құран бағыштап отырған дүйім жұртқа алғыс білдіремін,- дейді ұлы Алмаз Шарман.

Төрегелді Шарманұлының өмірге келіп, өскен өңірі Ұлытаудан да зиялы қауым өкілдері келіп, қазаның арты қайырлы болсын деп тілек білдірді. Астың соңында Төрегелді Шарманұлының рұхына құран бағышталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы