Алматыда «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығы тойланды
Алматыда Қазақ сөз өнерінің қатепті қара нары «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығына орай келелі жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мерейтойға орай ұйымдастырылған іс-шара Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзімен басталды. Минситр «Қазақ әдебиеті» газетінің ұлт руханиятында алар орыны ерекше екенін айтты.
Бүгін еліміздің шежірелі басылымның бірі – «Қазақ әдебиеті» газетінің алғаш жарық көргеніне 90 жыл толып отыр. Кезінде Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфулин, І.Жансүгіров сияқты әдебиетіміздің алыптары іргесін қалаған тарихи басылым сөз өнерінің алтын қазынасы. Оқырманының көзайымына айналған газеттің әр беті – тұнған тарих, әлі де жазары таусылмаған. Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Басылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды. «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымын осынау мерейтоймен құттықтап, сіздерге таусылмас шабыт, толайым табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! - деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып, газет редакциясына жаңа көліктің кілтін табыстады. Оған қоса басылым болашағы үшін аянбай еңбек еткен «Қазақ әдебиеті» газетінің ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттады.