Алматыда қаза тапқан полицейлерге ескерткіш ашылды
Алматы, BAQ.KZ. ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында еліміз егемендік алған 30 жыл ішінде қызмет бабында қаза тапқан академия түлектеріне арналған ескерткіш ашылды.
Алматы академиясының алдына орнатылған мемориалды ескерткіштің тас тұғырына 32 полиция қызметкерінің есімі қашалып, ескерткіштің екі қанатына олардың суреттері қойылған.
Салтанатты түрде ашылған еске алу іс-шарасына ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.Саденов қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында ашылған ескерткіш халық тыныштығы үшін құрбан болған әріптестерімізге деген құрмет. Мемориалды ескерткіш тасқа есімдері жазылған полиция қызметкерлері – өмірлерінің соңына дейін Отан алдында қабылдаған анттарына адалдық танытқан бейбіт күннің батырлары. Алматы академиясында ашылған бұл ескерткіш болашақ офицерлер үшін ерлік пен адалдықтың үлгісі болатын болады,-деді Ішкі істер министрінің орынбасары генерал-майор Е.Сәденов.
Мағжан ақын жырлағандай «Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас». Ескерткіш мемориалға гүл шоқтары қойылған соң, бір минут үнсіздік жарияланды.
Өзгелердің өмірі үшін өз өмірін қиған ерлердің ата-аналары мен туыстары да тебірене сөйледі. Әсіресе 2008 жылы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан полиция лейтенанты Дәулет Қасымовтың әкесі Түгелбек Қасымовтың еске алуы елді тебірентті.
Сондай-ақ ескерткіштің ашылу салтанатына Академия Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Т. Қабденов, «Генералдар кеңесі» РҚҚ төрағасының бірінші орынбасары генерал-лейтенант Б. Сарсеков және М. Оразалиев, М. Нүкенов, Ж. Кенжетаев сиқты генерал-майорлар, отставкадағы полиция полковнигі Д. Құсайынов, ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р. Ошақбаев және қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде елімізде 800-ден астам полция қызметкері қызмет бабында қаза тапты. Бейбіт күннің батырларына қойылған бұл ескерткіш тек Академия түлектеріне ғана емес, елдің тыныштығы мен тұрғындардың конституциялық құқығын қорғау жолында қаза тапқан барлық полиция қызметкерлеріне де арналады,-деді Академия басшысы полиция полковнигі А.Сайтбеков.