Алматыда қайтыс болған донор 6 адамның өмірін құтқарды
Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада дәрігерлер ерекше әрі күрделі операция – қайтыс болған донордан бірнеше ағзаны алу отасын сәтті өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, донор – 1962 жылы туған әйел.
Марқұмның туыстарының келісімі арқасында бір мезетте алты адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік туды.
Ағзаларды алмастыру операциясын қаладағы жетекші трансплантология орталықтары жүзеге асырды. Донордың жүрегі 1988 жылы туған науқасқа, бауыры – 1982 жылғы ер адамға, оң бүйрегі – 1996 жылы туған пациентке, ал сол бүйрегі – 2017 жылдың қазан айынан бері трансплантацияны күтіп жүрген 1966 жылғы азаматқа салынды. Бұдан бөлек, донордың көзінің мөлдір қабығы 1983 және 1956 жылы туған екі адамға көру қабілетін қайтарды.
Ота жұмысының ұйымдастырылуы мен үйлестіруін Алматының жетекші трансплантаттау орталықтарымен бірлесіп, ҚР ДСМ Республикалық трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы қамтамасыз етті. Олар: «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ, Алматы қаласындағы «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК.
Донордың жасына қарамастан, дәрігерлер ағзалардың жақсы жағдайын және олардың одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін атап өтті. Бұл өмірді сақтап қалуға келгенде жастың кедергі емес екенін тағы бір рет растайды.