Алматыда «қауіпті аудан» жоқ: Құрылысшы сейсмикалық аймақтар туралы пікір білдірді
Оның айтуынша, Алматы қаласының бүкіл аумағы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан қаланы «қауіпті» және «қауіпсіз» аудандарға бөлу дұрыс емес.
Құрылыс салуға болмайтын аудан жоқ. Ең бастысы – ғимаратты инженерлік талаптарға сай жобалау. Іргетасы, қаңқасы және басқа да конструкциялары сол аумақтың сейсмикалық жүктемесіне төтеп бере алатындай болуы керек, – деді ол.
Маманның сөзінше, әлемдік тәжірибе де мұны дәлелдейді. Мәселен, Жапония мен АҚШ-тың Калифорния штатында жер сілкінісі қаупі жоғары болғанына қарамастан, құрылыс барлық аумақта жүргізіледі. Басты талап – қауіпсіздік стандарттарын сақтау.
Нұртаев Алматыда 12 тектоникалық жарық бар екенін атап өтті. Алайда олардың тек екеуі ғана белсенді саналады, қалғандары белсенді емес.
Белсенді жарықтардың бірі қаланың жоғарғы бөлігінде, екіншісі төменгі бөлігінде орналасқан. Қала орталығы бұл тұрғыда тәуекелі жоғары аумаққа жатпайды, – деді ол.
Сондай-ақ сарапшы тектоникалық жарықтар өтетін аумақтарда құрылыс жүргізуге заң жүзінде тыйым салынбағанын атап өтті. Бірақ мұндай жағдайда арнайы техникалық талаптар қойылады.
Оның айтуынша, құрылыс компаниялары арнайы техникалық қорытынды алып, ғимараттың іргетасын күшейтуі, берік қаңқа қолдануы, арматура көлемін көбейтуі және жоғары маркалы бетон пайдалануы тиіс. Мұның бәрі жер сілкінісі кезінде ғимараттың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Сондай-ақ маман халық арасында «тектоникалық жарықтардың үстіне құрылыс салуға болмайды» деген пікірдің шындыққа толық сәйкес келмейтінін айтты.
Мұндай аумақтарда құрылыс жүргізуге болады. Бірақ барлық құрылыс нормалары мен ережелері қатаң сақталуы керек. Сондықтан белгілі бір аудандарды қауіпті деп көрсетіп, тұрғындарды үрейлендірудің қажеті жоқ. Ең маңыздысы – құрылыс сапасы мен заманауи технологияларды қолдану, – деді Тимур Нұртаев.
Ол қазіргі кезде сейсмооқшаулағыш жүйелер сияқты технологиялардың ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін де атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Баспанаңыз болса, оны табиғи апаттан сақтандыруға міндеттелуіңіз мүмкін: Ол қалай жұмыс істейді?
Жер сілкінісі, су тасқыны мен өрттен баспананы сақтандыру: Тұрғын үй иелері нені білуі керек?